Сенатор: Әкімдіктер бюджет қаражатын тиімсіз басқарып отыр

Государственная служба, госслужба, госслужащий, госслужащие, государственный аппарат, госаппарат, сурет - Zakon.kz жаңалық 18.06.2026 14:04 Фото: Zakon.kz
Сенат депутаты Нұрлан Бекенов 2026 жылғы 18 маусымда өткен палата отырысында әкімдіктердің бюджет қаражатын басқару тиімділігі төмен екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Депутаттың айтуынша, елдің стратегиялық міндеттерінің орындалуы өңірлердегі жұмыстың сапасына тікелей байланысты.

"Өңірлердің даму бюджетінің жалпы көлемі 3,7 трлн теңгеден асады. Қаражаттың 98 пайызы игерілгенімен, жоспарланған нәтижелердің тек 67 пайызына ғана қол жеткізілген. Бұл бюджет қаражатын басқару тиімділігінің төмендігін көрсетеді", – деді сенатор.

Оның сөзінше, Ұлттық экономика министрлігі тарапынан жобалардың іске асырылуы мен аяқталуына жеткілікті мониторинг жүргізілмегендіктен, есептердің дұрыстығына қатысты сұрақтар туындап отыр.

Мысалы, министрлік дерегіне сәйкес, жалпы құны 4 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба аяқталмаған. Алайда жергілікті атқарушы органдардың мәліметінде олардың 12-сі, яғни 3,5 млрд теңгенің жобалары 2026 жылға ауыстырылған ретінде көрсетілген.

Сонымен қатар бюджетті орындау барысында жалпы құны 19,5 млрд теңге болатын 45 инвестициялық жоба тізімнен шығарылған. Олардың ішінде 2024 жылы-ақ аяқталған, құны 4,3 млрд теңге болатын 12 жоба бар.

"Ақтөбе облысында құны 180 млн теңгелік бір жоба, Алматы облысында құны 498 млн теңгелік үш жоба тізімнен шығарылған. Алайда бұл жобалардың барлығы бұрыннан аяқталған болатын", – деді Нұрлан Бекенов.

Сенатордың пікірінше, республикалық бюджеттен өңірлерге инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қаржының жыл соңына қарай бөлінуі де өзекті мәселе болып отыр. Бұл жағдай кейбір жобалардың уақытылы орындалмайтыны алдын ала белгілі екенін көрсетеді.

Депутаттың айтуынша, мұндай мәселелердің басым бөлігі мақсатты трансферттерді игеру кезінде туындайды. Сондықтан салалық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын жобалардың орындалуын қатаң бақылау қажет.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: