Алматыда 18 маусымнан бастап үш көшеде біржақты қозғалыс енгізіледі
Сурет: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
18 маусымнан бастап Алматының Медеу ауданында Достық даңғылының Гоголь көшесінен Жібек жолы даңғылына дейінгі бөлігінде солтүстік бағытта, сондай-ақ Зенков көшесінің Мақатаев көшесінен Гоголь көшесіне дейінгі бөлігінде оңтүстік бағытта біржақты қозғалыс енгізіледі.
Алматының Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының өкілдерінің мәліметінше, бұдан бөлек, Әуезов ауданында Атамекен көшесінің (Атамекен шағынауданы) №103 үйден №108 үйге дейінгі бөлігінде оңтүстік бағытта біржақты қозғалыс ұйымдастырылған.
"Аталған шешім Алматы полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр және көлік жүктемесін азайтуға, көше жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға, сондай-ақ жолдағы даулы жағдайлардың санын қысқартуға бағытталған", – делінген хабарламада.
Өзгеріс қазіргі көлік жағдайына жүргізілген талдау нәтижесі мен аудан тұрғындарының өтінішін ескере отырып қабылданды.
Біржақты қозғалыс пилоттық режимде енгізілетіні атап өтілді. Алдағы шешімдер оның тиімділігіне жүргізілетін мониторинг қорытындысы бойынша қабылданады.