Қазақстанда шілдеде ауа температурасы +50 градусқа дейін көтеріледі
Фото: pixabay
Мамандардың мәліметінше, шілде Қазақстандағы жылдың ең ыстық айы болып қала береді.
Елдің солтүстік және шығыс өңірлерінде орташа ауа температурасы +18...+23 градус болса, оңтүстікте +28...+30 градусқа дейін көтеріледі.
Жекелеген күндері солтүстік пен шығыста ауа температурасы +42...+43 градусқа дейін ысиды. Ал орталық, батыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде +47...+48 градусқа, еліміздің оңтүстігінде +50 градусқа дейін жетуі мүмкін.
Сонымен қатар, аптап ыстыққа қарамастан, шілде айында қысқа мерзімді салқындау кезеңдері де болады.
Синоптиктердің айтуынша, солтүстік және шығыс облыстарда түнгі ауа температурасы кей жерлерде +5 градусқа дейін төмендеуі ықтимал.
Сондай-ақ Қазақстанның солтүстігінде шілде – жылдың ең жауын-шашынды айы саналады. Жаңбыр көбіне найзағаймен қатар жүреді, кей өңірлерде нөсер түрінде жаууы мүмкін. Жекелеген аудандарда бір тәуліктің ішінде бір айлық жауын-шашын мөлшеріне тең немесе одан да көп жауын түсуі ықтимал.
Ең жоғары найзағай белсенділігі елдің солтүстік, шығыс және таулы аймақтарында күтіледі. Ал оңтүстік-шығыстағы таулы өңірлерде бұршақ жаууы мүмкін.