Алматыда заңсыз көше саудасына қарсы шаралар күшейтіледі
Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Кеңес барысында 2026 жылдың басынан бері жүргізілген мониторинг нәтижелері, мемлекеттік және жеке жер учаскелеріндегі сауда нысандарының қазіргі жағдайы, сондай-ақ осы бағыттағы жұмысты жетілдіру шаралары қаралды.
Бақылау қорытындысы бойынша заңсыз сауданың 45 ошағы анықталып, онда 1211 адам саудамен айналысқаны белгілі болды. Бүгінгі күні олардың 27-сі немесе 60%-ы жойылды. Қалған нүктелер негізінен ірі базарлар маңында, соның ішінде Алатау және Жетісу аудандарындағы "барахолка" аумағында орналасқан.
Рейдтік іс-шаралардың уақытша нәтиже беретіндігі атап өтіліп, проблемалық аумақтарға тұрақты бақылауды күшейту және әрбір учаскені жауапты құрылымдарға бекіту қажеттігі айтылды.
Мемлекеттік жер қорындағы 516 сауда нысанының 413-і бұзылды. Қазіргі уақытта 103 нысан бойынша жұмыс жалғасуда.
Кеңесте әлеуметтік жағдайға байланысты орналастырылған нысандар мен стационарлық емес сауда нысандары мәртебесін коммерциялық мақсатта пайдаланатын жағдайларды нақты ажырату қажеттігіне ерекше назар аударылды. Талаптарды бұза отырып орналастырылған және тұрғындарға қолайсыздық тудыратын нысандар заңнама талаптарына сәйкестендірілуге тиіс.
Сондай-ақ жеке аумақтардағы жағдай қаралды. Жалпы 1093 нысанға мониторинг жүргізілді. Бұл бағытта жер учаскелерінің нысаналы мақсатының сақталуын және қала құрылысы талаптарының орындалуын тексеруді қоса алғанда, заңнамада көзделген рәсімдерді жүргізу қажет.
Кеңес барысында заңсыз нысандарға қатысты әрекет ету мерзімін қысқарту, оларды қайта орналастырғаны үшін жауапкершілікті күшейту және уәкілетті органдардың бұзу жұмысын жүргізу өкілеттілігін кеңейту мақсатында заңнаманы жетілдіру қажеттігі де айтылды.
Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға өзара үйлестіруді күшейту, заңсыз нысандарды сүру жұмыстарын жалғастыру, олардың қайта орналастырылуына жол бермеу және қабылданған шаралардың орындалуын қатаң бақылауда ұстау тапсырылды.
Мәселені кешенді түрде шешу мақсатында заңсыз көше саудасына қарсы күрес жөніндегі басқармааралық жұмыс тобы өз жұмысын жалғастырады.