Алматыда жерүсті жүрдек қоғамдық көлік іске қосылады: бағыттары бекітілді
Сурет: pixabay
SkyTrain – эстакадалар бойымен қозғалатын заманауи жоғары жылдамдықты жерүсті қоғамдық көлік жүйесі. Ол монорельсті немесе қос рельсті жолдар арқылы қатынайды.
Қазіргі уақытта SkyTrain-ның екі бағыты анықталған.
- Бірінші желі "Барлық" көлік-ауысу торабынан басталып, Райымбек даңғылы, Саин көшесі, әл-Фараби даңғылы және Шығыс айналма автомобиль жолы (ШААЖ) арқылы өтіп, "Шығыс қақпасы" көлік-ауысу торабына дейін жалғасады. Бағыттың ұзындығы – 29 шақырым, онда 16 станса салу көзделген. Жобаны іске асыру мерзімі – 36 ай.
- Екінші желі Райымбек даңғылы бойымен Саин көшесінен "Шығыс қақпасы" көлік-ауысу торабына дейін созылады. Оның ұзындығы 13 шақырымды құрайды және төрт стансадан тұрады. Бұл бағытты жүзеге асыруға да 36 ай уақыт жоспарланған.
Осылайша, SkyTrain желілерінің жалпы ұзындығы 42 шақырымға жетіп, барлығы 20 станса салынады. Поездардың орташа қозғалыс жылдамдығы сағатына 35 шақырым болады.
Жобаның депосын Алматы облысы Қарасай ауданының Абай ауылында, "Барлық" көлік-ауысу торабы маңында орналастыру жоспарланған.
Мамандардың айтуынша, SkyTrain құрылысы көлік ағындарын тиімді қайта бөлуге, жол инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыруға және қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 2026 жылғы 2 маусымда Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға күн сайын Алматы облысынан шамамен 400 мың автокөлік кіретінін айтып, қаланың шығыс және батыс бағыттарында SkyTrain жобасын іске асыру мәселесін жан-жақты пысықтауды тапсырған болатын.