Алматыда әкесіне жала жапқан блогер қыз 10 тәулікке қамалып, айыппұл арқалады
Фото: Zakon.kz
Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында блогердің әкесі тарапынан өзіне қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны туралы айтқан, сондай-ақ былапыт сөздер қолданып, қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттер көрсетілген бейнежазбалары анықталған.
Аталған жария мәлімдемелер бойынша тексеру жүргізіліп, контент авторы мен оның ата-анасынан жауап алынған. Тексеру нәтижесінде құқыққа қайшы әрекеттер туралы ақпарат расталмаған.
Сонымен қатар бейнежазбада қыздың тыйым салынған заттарды қолданғаны байқалған. Медициналық куәландыру оның есірткі заттарын пайдаланғанын растады.
Полиция блогердің әрекеттерінен ұсақ бұзақылық жасау және жалған ақпарат тарату белгілерін анықтап, жиналған материалдарды сотқа жолдаған.
Ведомствоның хабарлауынша, бұған дейін де полиция қызметкерлері азаматшамен профилактикалық әңгіме жүргізіп, құқыққа қайшы мінез-құлыққа жол бермеу жөнінде ресми ескерту тапсырған.
"Сот шешімімен құқық бұзушыға 10 тәулік әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды. Бұдан бөлек, жалған ақпарат таратқаны және ресми ескертудің талаптарын бұзғаны үшін оған 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды", – делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, аталған азаматша бұған дейін де арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақырғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған.
Құқық қорғау органдары жалған ақпарат тарату, қоғамдық тәртіпті бұзу және өзге де заңға қайшы әрекеттер Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін еске салды. Сондай-ақ азаматтардың ықтимал құқық бұзушылықтар туралы барлық өтініштері міндетті түрде тексеріліп, заңда белгіленген тәртіппен қаралатыны атап өтілді.