Тоқаев: Құрылтайдың негізгі мақсаты – Әділетті Қазақстанды құру ісіне атсалысу және осы бағытта жұмыс істеу
Фото: akorda.kz
Президенттің айтуынша, "Адал азамат" тұжырымдамасы мен "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясы қоғамда жаңа этикалық құндылықтарды қалыптастыруға негіз болды. Ол депутаттардың бұл бастамаларды халыққа түсіндіру және жүзеге асыру жұмысына белсенді қатысқанын атап өтті.
""Адал азамат" тұжырымдамасы мен "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясы қоғамда жаңа этиканы қалыптастыруға арқау болды. Депутаттар осы жалпыұлттық бастамалардың мән-маңызын халыққа түсіндіруге және іске асыруға белсене атсалысты", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің заң шығару қызметінің нәтижесінде "Заң мен тәртіп" қағидаты мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналғанын айтты.
Сонымен қатар Президент депутаттардың халықаралық парламенттік дипломатиядағы жұмысына жоғары баға берді. Оның айтуынша, парламентаралық ассамблеялар, халықаралық форумдар және шетелдік кездесулер аясында Қазақстанның жауапты әрі ықпалды "орта держава" ретіндегі беделі нығая түсті.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі хатшылығының Сенат жанындағы қызметін ерекше атап өтті.
Президенттің сөзінше, бір палаталы Құрылтай барлық бағыт бойынша институционалдық сабақтастықты сақтап, жылдар бойы қалыптасқан парламенттік мәдениетті одан әрі дамытуға басымдық беруі қажет.
"Еліміздің жоғары өкілді органы – Құрылтайдың негізгі мақсаты – баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру ісіне атсалысу және осы бағытта белсенді жұмыс істеу", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жаңа заң шығарушы орган қоғамда заң үстемдігі, еңбексүйгіштік, тазалық пен қоршаған ортаны қорғау сияқты негізгі құндылықтарды орнықтыруға ықпал етеді деген сенім білдірді.
"Бір палаталы өкілді орган өзінің заңнамалық миссиясын табысты орындай отырып, қоғамда Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік, Тазалық, Қоршаған ортаны қорғау сынды мызғымас құндылықтарды орнықтыра түсуге барынша ықпал етеді деп сенемін", – деді Мемлекет басшысы.