ҚТЖ басшысының міндетін уақытша атқаратын тұлға белгілі болды
Сурет: rail-news.kz
Бұл ақпаратты 2026 жылғы 8 шілдеде "Самұрық-Қазына" қорының баспасөз қызметі растады.
"Бауыржан Ұрынбасаров "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ басқарма төрағасының міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды. Бұл қызметте ол лауазымынан кеткен Талғат Алдыбергеновтің орнына келді", – делінген хабарламада.
Бауыржан Ұрынбасаров 1970 жылғы 22 қазанда Қызылорда облысында дүниеге келген. 1993 жылы Алматы теміржол инженерлері институтын "Тасымалдау үдерістерін басқару" мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1993–1994 жылдары Батыс Қазақстан темір жолында бастаған. Кейін Қызылорда станциясында парк кезекшісі, Алматы-2 станциясында кезекші, Алматы темір жол бөлімшесінде пойыз диспетчері (1994–1997) болып жұмыс істеді.
1997–2004 жылдары "Қазақстан темір жолы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнында жол диспетчері, жетекші инженер, бас маман, Бас тасымалдар басқармасы бөлімінің бастығы, бас директордың бірінші орынбасарының көмекшісі, кеңесшісі және Тасымалдау процесін үйлестіру басқармасының бас инженері қызметтерін атқарды.
2004–2010 жылдары "ҚТЖ" ҰК" АҚ Қарағанды темір жол бөлімшесінің директоры, Тасымалдау процесі дирекциясының директоры, Алматы темір жол бөлімшесінің директоры, сондай-ақ Бас тасымалдар дирекциясы мен Магистральдық желі дирекциясының бас инженері болды.
2010–2014 жылдары "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарушы директоры – бас инженері және пайдалану жұмыстары жөніндегі басқарушы директоры қызметтерін атқарды.
Сондай-ақ:
2014 жылы "Қазтеміртранс" АҚ басқарма төрағасының (президентінің) міндетін уақытша атқарушы;
2014–2016 жылдары "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ вице-президенті;
2016–2017 жылдары бас инженер;
2017–2018 жылдары инфрақұрылымдық жобалар жөніндегі вице-президент;
2018–2021 жылдары инфрақұрылым жөніндегі басқарушы директор және Магистральдық желі дирекциясының директоры;
2021–2022 жылдары "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасарының міндетін уақытша атқарушы болды.
2022 жылғы қаңтардан бастап осы тағайындауға дейін "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ өндірістік процестер жөніндегі басқарушы директорының міндетін уақытша атқарушы қызметін атқарған.
Бұған дейін жалғыз акционердің шешімімен "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновтің өкілеттігі тоқтатылғаны хабарланған еді. Ол бұл қызметті 2025 жылғы шілдеден бері атқарып келген.