"Қараусыз қалдырмаңыздар": Полиция қазақстандықтарға жүгінді
Фото: pexels
Құзырлы орган мамандары әрбір ата-ана баласының қайда жүргенін білуі қажет екенін, әсіресе түнгі уақытта назарға алу керектігін атап өтті.
"Түнгі уақытта жасөспірімдердің қылмыстың құрбаны болуы, жол-көлік оқиғасына ұшырауы немесе өзге де қауіпті жағдайларға тап болу қаупі артады. Осындай жайттардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласында полиция қызметкерлерімен түнгі профилактикалық рейдтер тұрақты түрде өткізіліп келеді",- деп мәлімдеді ведомство.
Кезекті рейд барысында түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз үйден тыс жүрген 164 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды.
Барлық жайт бойынша олардың ата-аналары заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүрген 22 кәмелетке толмаған анықталды.
Жасөспірімдердің заңды өкілдерімен қатар, олардың ойын-сауық мекемесінде болуына жол берген мекеме әкімшілігі де жауапқа тартылды.
Рейд барысында полиция қызметкерлері жасөспірімдермен, олардың ата-аналарымен және ойын-сауық орындарының өкілдерімен профилактикалық түсіндіру жұмыс жүргізіп, заң талаптары мен оларды бұзған жағдайда көзделген жауапкершілікті еске салды.
"Полиция ата-аналарды балаларының қауіпсіздігіне ерекше мән беруге, олардың қайда жүргенін әрдайым бақылауға және кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта қараусыз қалдырмауға шақырады".Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметі
Бұған дейін кәмелеттік туған күнін Каспий жағасында тойламақ болған жас жігіт жоғалып кеткенін жазғанбыз.
