Тарихи жетістік: қазақстандық оқушылар ең беделді IPhO олимпиадасында бес алтын медаль жеңіп алды

Тарихи жетістік: қазақстандық оқушылар ең беделді IPhO олимпиадасында бес алтын медаль жеңіп алды, сурет - Zakon.kz жаңалық 13.07.2026 10:16 Сурет: Telegram/oqu_agartu
Қазақстан құрамасы 4–12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында (International Physics Olympiad, IPhO) тарихи нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің 13 шілдедегі мәліметіне сәйкес, ұлттық құраманың барлық бес мүшесі алтын медаль иеленді.

Бұл – Қазақстанның аталған беделді халықаралық зияткерлік додаға қатысу тарихындағы ең үздік көрсеткіш.

Биылғы олимпиадаға әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысты. Қатысушылар күрделі теориялық және эксперименттік тапсырмаларды орындап, білімдері мен ғылыми даярлықтарын сынға салды. Қазақстандық жас физиктер жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, бес алтын медаль иеленді. Бұл – Қазақстанның IPhO олимпиадасына қатысу тарихындағы ең үздік нәтиже.

Алтын медаль иегерлері:

  • Егенбергенова Нұргүл – Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы;
  • Азатбеков Амирбек – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы;
  • Қазымбек Илияс – Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Черемнов Роман – Алматы қаласындағы "Мирас" халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Құрман Дамир – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы.
Бұл тарихи жетістікке ұлттық құрама үш жыл бойы жүйелі дайындалды. Команданы мектеп мұғалімдері, тәлімгерлері және ұлттық құраманың жаттықтырушылары дайындады. Дайындық жұмыстарына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Гүлия Нұрбақова жетекшілік етті. Ал Халықаралық физика олимпиадасында ұлттық құраманың жұмысын SDU университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Самат Мақсұтов пен физикадан халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Алишер Еркебаев үйлестірді.

Айта кетейік, Халықаралық физика олимпиадасы 1967 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстан бұл білім додасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. 2025 жылы ұлттық құрама екі күміс және үш қола медаль жеңіп алған болса, биыл еліміздің бес оқушысы да алтын медаль иеленіп, Қазақстан тарихындағы бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді.

Қазақстанның жас физиктерін, олардың ұстаздарын, ата-аналарын және барша қазақстандықтарды осы тарихи жеңіспен құттықтаймыз! Бұл жетістік – дарынды жастардың қажырлы еңбегі мен ұстаздардың кәсіби біліктілігінің, сондай-ақ еліміздегі олимпиадалық даярлық жүйесінің жоғары деңгейінің жарқын көрінісі. ҚР Оқу-ағарту министрлігі

2026 жылғы 17 маусымда қазақстандық оқушылардың Еуропалық физика олимпиадасында жоғары нәтиже көрсеткені белгілі болды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: