Батыс Қазақстанда 6,2 мың гектардан астам жер ауыл тұрғындарына берілуі мүмкін
Фото: pexels
Өңір прокуратурасының 2026 жылғы 3 тамызда таратқан мәліметінше, тексеру барысында бірқатар жер пайдаланушының учаскелерді ұзақ уақыт бойы нысаналы мақсатына сай пайдаланбағаны анықталды. Осылайша олар жер заңнамасының талаптарын бұзған.
Нәтижесінде жалпы аумағы 6200 гектардан асатын жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Олардың кадастрлық құны 75 млн теңгеден асады.
Қазір қайтарылған жерлерді заңды экономикалық айналымға енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта жергілікті атқарушы органдар оларды адал еңбек етіп жүрген ауыл тұрғындарына беруді жоспарлап отыр.
Бұған дейін, 28 шілдеде, Алматы прокуратурасы қала орталығында орналасқан теміржол ауруханасының ғимараты мен екі жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарғаны хабарланған еді. Қайтарылған мүліктің жалпы құны 2 млрд теңгеден асады.