Мемлекеттік қызметші тұрғын үй кезегіне сот арқылы қайта тұрды
Сурет: Telegram/jambyl_sottary (жасанды интеллект көмегімен жасалған)
Ол тұрғын үй комиссиясының шешімін заңсыз деп тануды және тұрғын үй алу кезегіндегі мәртебесін қалпына келтіруді талап еткен, деп хабарлайды Zakon.kz.
Соттың Telegram-арнасында істің мән-жайы 6 тамызда жарияланды.
Іс материалдарына сәйкес, талап қоюшы 2017 жылдың желтоқсанынан бастап "мемлекеттік қызметші" санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде кезекте тұрған.
Алайда 2024 жылдың қарашасында тұрғын үй комиссиясының шешімімен ол тұрғылықты жері бойынша тіркеу мекенжайын өзгертуіне байланысты кезектен шығарылған.
Сот анықтағандай, тіркеу мекенжайының өзгеруіне Тараз қаласындағы тұрғын үйін сатуы себеп болған. Осыдан кейін азамат Жуалы ауданына тіркелуге мәжбүр болған.
Сот талап қоюшының жеке баспанасы жоқ екенін, әлі де мемлекеттік қызметші болып жұмыс істейтінін және оның санаты өзгермегенін анықтады, яғни оның тұрғын үйге деген қажеттілігі сақталған.
Соттың пайымдауынша, тіркеу мекенжайының өзгеруі азаматтың басқа елді мекенге тұрақты тұру үшін көшіп кеткенін білдірмейді. Сондықтан бұл жағдай оны тұрғын үй кезегінен шығаруға негіз бола алмайды.
Сот не шешті?
Сот шешімімен тұрғын үй комиссиясы хаттамасының талап қоюшыны кезектен шығаруға қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылды.
Сонымен қатар жауапкерлерге азаматты тұрғын үй кезегіне бастапқы тұрған күнімен, яғни 2017 жылғы желтоқсаннан бастап, қайта енгізу міндеттелді.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.