Қазақстанға Ресейден әкелінген 125 текше метр ағаштан қауіпті зиянкес табылды
Сурет: pixabay
Ресей Федерациясынан залалданған орман өнімдерін әкелу фактілері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциялары жүргізген карантиндік фитосанитариялық бақылау кезінде анықталған.
"Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар жалпы көлемі 125 текше метр болатын қарағайдан жасалған қылқан жапырақты ағаш материалдарының үш партиясын елге кіргізуге жол бермеді. Карантиндік фитосанитариялық бақылау барысында ағаштан қауіпті карантиндік нысан – Monochamus туысына жататын қарағайдың қара мұртты қоңызының дернәсілдері анықталды", – деп хабарлады ҚР АШМ баспасөз қызметі.
Екі заң бұзушылық Абай облысының Семей қаласында ағаш материалдарының әрқайсысы 40 текше метр болатын партияларын қайта тексеру кезінде анықталған. Тағы бір жағдай Астанада 45 текше метр ағаш партиясын тексеру барысында тіркелді.
"Барлық анықталған жағдай бойынша зертханалық сараптама жүргізіліп, қарағайдың қара мұртты қоңызының дернәсілдері бар екені расталды", – делінген ҚР АШМ хабарламасында.
Ағаш өнімдерінің иелеріне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 400-бабының 2-бөлігі ("Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасын бұзу") бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылды.
Материалдар қарау үшін мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға карантинге жатқызылған өнімдерді Қазақстан аумағына әкелу кезінде карантин талаптарын қатаң сақтау қажеттігін еске салды.