Таң сәріден кезек: Құрылтай сайлауына халық белсенді қатысып жатыр
Сурет: Әлеуметтік желіден алынды
Дауыс беру таңғы сағат 07:00-де басталып, 20:00-ге дейін жалғасады. Сайлаудың алғашқы сағаттарынан-ақ учаскелерде халықтың қарасы қалың. Жексенбінің таңғы мамыражай тыныштығына қарамастан, сайлау учаскелері есігін ашқан сәттен бастап тұрғындар дауыс беруге келе бастады. Кейбір учаскелерде тіпті алғашқы сағаттарда-ақ кезек қалыптасты.
Сайлау учаскелеріне азаматтар жеке-жеке ғана емес, отбасымен, әулетімен, сондай-ақ еңбек ұжымдарымен бірге келіп жатыр. Ата-анасымен бірге келген балалар мен немерелерін ерткен аға буын өкілдерін де кездестіруге болады. Осылайша, сайлау учаскелерінде таңнан бері ерекше қарбалас пен мерекелік көңіл күй байқалады.
Биылғы сайлаудың Қазақстан үшін тарихи маңызы айрықша. Ел азаматтары алғаш рет жаңа бір палаталы заң шығарушы орган – Құрылтайдың құрамын жасақтау үшін дауыс беріп жатыр.
Сайлау күні ел бойынша дауыс беру учаскелері таңғы сағат 07:00-ден бастап жұмысын бастады. Қазақстандықтар өз таңдауын жасап, ел тарихындағы алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып жатыр.
