Тоқаев: Вице-президент қызметіне кім тағайындалатыны алдағы аптада немесе 10 күн ішінде белгілі болады
Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 23 тамызда Құрылтай депутаттарының тарихи сайлауында дауыс бергеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Атап айтқанда, "Хабар" телеарнасының тілшісі Сағыныш Әбікей Президентке:
"Сіз конституциялық реформа тарихи өзгерістердің бастауы болатынын, ал ауқымды жаңғыру жыл соңына дейін, тіпті келесі жылы да жалғасатынын айттыңыз. Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесі жұмысын бастағаннан кейін, сондай-ақ Вице-президент лауазымы енгізілген соң елімізде қандай өзгерістер болады?" – деп сұрақ қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде көпшілікті Вице-президент лауазымына кім тағайындалатыны қызықтыратынын айтты.
"Шынында да, бұл – маңызды өзгеріс. Біз Конституцияда бұл жаңа лауазымды саналы түрде енгіздік. Бұл қызмет аса қажет десем, қателеспеймін. Қазіргі күрделі кезеңде мұндай лауазым елімізге әсіресе қажет. Вице-президент қызметіне кім тағайындалатыны алдағы аптада немесе 10 күн ішінде белгілі болады. Қазір оның есімін атау ертерек. Меніңше, ол бәріңіз жақсы білетін танымал тұлға болады", – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев басқа да реформалардың жүзеге асырылуына тоқталды.
"Біз өзге де реформаларды жүзеге асырамыз. Мысалы, жаңа мемлекеттік орган – Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысын бастау қажет. Менің білуімше, кейбір азаматтар оны Ассамблеямен салыстырады. Менің ойымша, Қазақстан Халық Кеңесі бұған дейін Ассамблея атқарған жұмысты күшейтіп, одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Оны жаңа көпфункционалды саяси тетік деуге болады", – деді ол.
Президент Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысы нәтижелі болатынына сенім білдірді.
"Жалпы, жоспарымыз өте ауқымды. Бұған дейін айтқанымдай, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуы керек. Әрбір облыс орталығында, аудан мен қалада ірі құрылыс жобалары жүзеге асырылады. Емханалар, балаларды оңалту орталықтары және басқа да әлеуметтік нысандар салынады. Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы, Су ресурстарын зерттеу орталығы сияқты маңызды нысандар бой көтереді. Қалаларды абаттандыру қажет. "Таза Қазақстан" акциясын жүйелі түрде жалғастыру керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Мемлекет басшысы қол қусырып отыруға болмайтынын атап өтті.
"Барлығымыз бірлесіп, бүкіл халық болып іске кірісуіміз керек. Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, сондықтан әрқайсымыз оның дамуына өз үлесімізді қосуға тиіспіз. Жалпы, сайлау науқаны жақсы өтті. Қоғамдық-саяси алаңға жаңа тұлғалар шықты, мазмұнды әрі сындарлы идеялар айтылды. Бұл Құрылтай еліміздің дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймын", – деді Президент.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда дауыс бергені хабарланған болатын. Президент Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript