Алматыда Құрылтай сайлауында жарты миллионнан астам тұрғын дауыс берді
Сурет: Алматы қаласы ӨКҚ
Таңертеңнен бастап сайлау учаскелерінде қала тұрғындарының қарасы қалың болды. Әсіресе күннің екінші жартысында белсенділік артып, қаланың әртүрлі аудандарында кезектер пайда болды. Соған қарамастан дауыс беру барысы тыныш әрі жағымды жағдайда өтті.
Алматыдағы сайлау күні тек дауыс берумен шектелмеді. Қаладағы түрлі алаңдарда кітап жәрмеңкелері мен көрмелер, шеберлік сабақтары, спорттық жарыстар, ұлттық және үстел ойындары және тұрғындарға арналған басқа да шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, Әуезов ауданындағы №175 және №149 сайлау учаскелерінде "Спорт – достық алаңы" акциясы аясында аудан әкімінің кубогына балалар арасында футбол турнирі өтті.
Қазір қаланың әртүрлі аудандарындағы сайлау учаскелерінің маңында ұйымдастырылған мектеп, азық-түлік және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері де жұмысын жалғастыруда.
Бұл күннің тағы бір дәстүрі — алғашқы болып дауыс берген сайлаушыларға естелік сыйлықтар табыстау. Алматының барлық ауданында алғашқы сайлаушыларға блокноттар, шоколад, кепкалар, пауэрбанктер, электр шәйнектер, күнделіктер және басқа да сыйлықтар берілді.
Бүгін Алматы тұрғындары дауыс беріп қана қоймай, мәдени және спорттық шараларға қатысып, қажетті тауарлар мен азық-түлік сатып алып, отбасымен уақыт өткізуге мүмкіндік алды.
Алматыда барлығы 670 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.



