"Ақша көзімді байлады": Қызылордада есірткі саудасы үшін сотталған әйел өкінішін айтты

Машина полиции, полицейский автомобиль, полицейские, полиция, автомобиль полиции, полицейская машина, патрульная машина, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.08.2026 15:42 Фото: unsplash
Қызылордада есірткі саудасы үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылған әйел жазасының өтелмеген бөлігі жеңіл жаза түріне ауыстырылғаннан кейін пробация қызметінің есебіне алынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әйел психотроптық заттарды өткізу, сондай-ақ өткізу мақсатында оларды заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау және жөнелтуге байланысты қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылған.

Оның айтуынша, 27 жасында сот үкімімен 11 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеген. Биыл сот шешімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 73-бабына сәйкес жазасының өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстырылып, пробациялық бақылау белгіленді.

Қазір Қызылорда қалалық пробация қызметінің мамандары оның қоғамға қайта бейімделуіне көмектесіп жатыр. Мамандардың қолдауымен ол жұмысқа орналасып, қажетті құқықтық және медициналық көмек алған.

Әйел есірткі саудасына жеңіл ақша табу үшін барғанын және бүгінде бұл әрекетіне қатты өкінетінін айтты.

"Ақшаға қызығып, есірткі сатумен айналыстым. Жеңіл жолмен тапқан ақшамды тек өз қажетіме жұмсадым. Есірткінің адам денсаулығына қаншалықты зиян екенін білдім. Басқа адамдарға зияным тиіп жатқанын түсінсем де, ақша көзімді байлады. Шын мәнінде, ештеңеден мұқтаж болған жоқпын. Қазір жасаған ісіме қатты өкінемін. Өткенді қайтара алмаймын", – деді ол.

Оның ендігі мақсаты – адал еңбек етіп, ата-анасының сенімін ақтау.

"Бар арманым – жазамды өтеп, маған үміт артқан ата-анама көмектесу. Адал маңдай термен ақша тапқым келеді. Жастарға айтарым: жеңіл ақша ешқашан опа бермейді. Ақшаға қызығып, жас өмірлеріңізді құртпаңыздар. Мен өзім де қатты өкінемін", – деді пробация есебіндегі азаматша.

Полицияның мәліметінше, пробация қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – сотталған азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау, заң талаптарын сақтап, қалыпты өмірге оралуына қолдау көрсету.

Қазір әйел жұмыс істеп, өмірін жаңадан бастауға талпынып жүр.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: