Қасым-Жомарт Тоқаев тексерілмеген тарихи деректерді оқулықтардан алып тастауды тапсырды

Школьная библиотека, школьные библиотеки, учебники, книги, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.08.2026 14:34 Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында мектеп оқулықтарының сапасына тоқталып, тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар қамтылған оқу материалдарын қайта қарауды тапсырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президент Үкімет жүргізген жұмыстардың нәтижесінде мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате анықталғанын айтты. Оның пікірінше, мұндай олқылықтар орта білім сапасына кері әсер етеді.

"Жақында Үкімет жұртшылыққа нәтижелі жұмыстың қорытындысын жариялады. Мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате табылған. Мұның бәрі орта білімнің сапасына нұқсан келтіреді десек, артық айтқандық емес", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әсіресе тексерілмеген тарихи деректер мен оқиғалар, сондай-ақ жалған "қаһармандар" мен олардың "ерлігі" туралы аңыздар енгізілген оқу материалдарын қайта қарау қажеттігін атап өтті.

"Жалған, ойдан құрастырылған мәліметтер тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу жақсылыққа апармайды. Бұл халқымыздың ар-ұжданына қайшы", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамды "ұдайы жапа шеккен ұлт" бейнесінен арылуға шақырды. Оның айтуынша, жастардың санасына мұң мен күйзелісті сіңірудің орнына, олардың болашаққа деген сенімін нығайту қажет.

"Біздің кейбір қаламгерлеріміз "мұң" деген сөзді жақсы көреді: "жүрегімде мұң, көзімде мұң"! Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды", – деді Мемлекет басшысы.

Президент жастар өз халқының тарихын дұрыс түсініп, келешекке үмітпен әрі сеніммен қарауға тиіс екенін атап өтті.

"Еліміздің жастары оптимист болып, еңсере алмайтын қиындық жоқ екенін білуі қажет. Біз өз күш-қуатымызға сенетін, мықты ұлтқа айналуымыз керек. Мұң, қайғы, күйзеліс – жастарымызға жат нәрсе болуға тиіс", – деп қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: