Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз – жеңімпаз халықпыз
Фото: akorda.kz
Президент сөзін ұлы Абайдың "Адам баласының ең жаманы – талапсыз" деген нақылымен сабақтады.
"Өзіне сенімсіз, жасық, әр нәрсеге мұңая беретін, үнемі күйзелісте жүретін кертартпа адамның болашағы бұлыңғыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазақ халқы кез келген сын-қатерді еңсеруге қабілетті екенін атап өтті.
"Қазақ – кез келген сын-қатерді еңсеруге дайын жұрт, келешегіне сеніммен қарап, алға қарай батыл қадам басатын нағыз жеңімпаз ұлт. Өткенге өкпе артып, тарихтағы сәтсіздіктер үшін басқа халықтар мен мемлекеттерді айыптау – болмысымызға мүлдем жат дүние", – деді Президент.
Оның айтуынша, өскелең ұрпақты осындай теріс түсініктерден сақтау ісінде білім беру саласына зор жауапкершілік жүктеледі. Ұстаздар ойы таза, ниеті түзу, болашаққа сенімі мол, жігерлі азаматтарды тәрбиелеуге тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев отаншыл, білімпаз, жаңашыл, талапты және еңбекқор азаматтар елді алға бастайтынын айтып, бұл қасиеттерді қазіргі жастардың бойынан көретінін жеткізді.
Сонымен қатар Президент нағыз отаншылдықтың мәніне тоқталды.
"Нағыз отаншылдық дегеніміз – жемісті, табанды еңбек. Әр саладағы еңбек – маңызды, оның жаманы немесе ұлтқа зиян әкелетіні болмайды. Еңбек – ең жоғары деңгейдегі қасиетті дүние", – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, мемлекеттің міндеті – адал еңбек ететін азаматтарға лайықты құрмет көрсетіп, оларды марапаттау.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты және адал азаматтарды тәрбиелеу баршаға ортақ міндет екенін айтты.
"Сапалы білім мен нағыз ғылымға ұмтылсақ, біз барлық мақсатымызға қол жеткіземіз. Білікті мұғалімдеріміз, дарынды жастарымыз, мызғымас бірлігіміз барда еліміз кез келген белесті бағындырады. Бұған еш күмәнім жоқ", – деді Президент.
Мемлекет басшысы ұстаздар қауымын алдағы жаңа оқу жылымен құттықтады.
"Ұстаз – ұлттың шамшырағы! Мұғалімнің еңбегі ең жоғары құрметке лайық. Жаңа оқу жылы жемісті болсын!" – деп қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.