2-4 сынып оқушыларының бағалау жүйесі өзгереді

Первоклассники, первый класс, школьники, ученики младших классов, начальные классы, школа, 1 сентября, первое сентября, школьная линейка, День знаний, первый звонок, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.08.2026 14:49 Фото: Zakon.kz
Енді 2-4 сынып оқушылары жаңартылған тәсіл бойынша бағаланады. Павлодар қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы инновациялық үлгідегі мектептің педагог-шебері Жанар Жақсылықова 2026 жылғы 31 тамызда өзгерістердің ерекшеліктерін айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бастауыш сынып мұғалімінің айтуынша, критериалды бағалау жүйесі сақталады. Алайда бағалаудың формалары, әдістері, тәсілдері және оны ұйымдастыру тәртібі өзгереді.

"Бірінші өзгеріс – формативті бағалаудың рөлін түрлі әдістер, тәсілдер мен бағалау түрлері арқылы күшейту. Яғни оқушының әрбір тапсырмасы бағалануы тиіс. Мұғалім формативті бағалау арқылы оның тоқсан бойындағы ілгерілеуін көріп, қиындықтарын уақытында байқап, әрі қарайғы оқу процесін түзете алады", – деді Жанар Жақсылықова.

Мұғалімнің айтуынша, екінші өзгеріс – аралық бағалаудың формалары мен әдістерінің түрленуі.

"Диктант, мазмұндама, бақылау, практикалық, жобалық және зерттеу жұмыстары оқушылардың тек білімін ғана емес, оны іс жүзінде қолдану қабілетін де бағалауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл метадағдыларды, дербестікті, сыни ойлауды, ақпаратпен жұмыс істеуді, ынтымақтаса әрекет етуді және шешім таба білуді дамытуға ықпал етеді", – деп атап өтті мұғалім.

Сонымен қатар көркем еңбек, музыка, бейнелеу өнері, дене шынықтыру, цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект сияқты пәндер де бағаланады.

Бұл оқушыларға өздерінің күш-жігері, қабілеті мен жеке жетістіктері әртүрлі бағытта ескерілетінін көруге мүмкіндік береді. Мұның өзі олардың оқу мотивациясын арттырып, білім алуға жауапкершілікпен қарауына ықпал етуі мүмкін.

Үшінші маңызды өзгеріс – мұғалімнің кәсіби дербестігі артады.

"Педагог формативті бағалаудың түрлері мен әдістерін өзі анықтап, тапсырмалар әзірлей алады және оларды балалардың қажеттіліктеріне қарай саралайды. Бұл оқу бағдарламасындағы мақсаттармен дәлірек жұмыс істеуге және оқушылардың келесі қадамын түсінуге мүмкіндік береді", – деп түсіндірді Жақсылықова.

Ата-аналар үшін де бағалау мазмұнды бола түседі. Енді басты назар тек бағаға емес, оқушының нақты жетістігіне аударылады: оның нені меңгергені және әлі қай бағытта жұмыс істеуі керектігі ескеріледі.

"Мен үшін бұл өзгерістердің құндылығы – бағалау тек оқу нәтижесін тіркейтін құрал емес, оқушының алға жылжуына, дамуына және нәтижесін жақсартуына көмектесетін құралға айналатынында", – деді мұғалім.

Бұған дейін, 2026 жылғы 25 тамызда, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова Қазақстанда бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілдері қайта қаралғанын хабарлаған еді.

Бұған ата-аналардың өтініштері, педагогтердің ұсыныстары мен тәжірибесі, оқушылардың оқу жетістіктерін мониторингтеу нәтижелері, сондай-ақ отандық және халықаралық зерттеулердің қорытындылары негіз болған.

Сондықтан 1 қыркүйектен бастап 2-4 сыныптарда бағалаудың жаңартылған тәсілдері енгізіледі.

Сонымен қатар Қазақстан мектептерінде оқушыларды барлық пән бойынша бағалау басталады. Бұған дейін жеке бағаланбаған "Цифрлық сауаттылық", "Еңбекке баулу", "Бейнелеу өнері", "Музыка" және "Дене шынықтыру" пәндері бойынша формативті бағалау жүргізіледі.

Сондай-ақ елде аралық бағалау енгізіліп, тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталады.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: