Қасым-Жомарт Тоқаев Аида Балаеваны жаңа қызметке тағайындады
Фото: primeminister.kz
Тиісті құжатқа бүгін, 2026 жылғы 31 тамызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Аида Ғалымқызы Балаева Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды", – деп жазылған дүйсенбі күні Ақорданың Telegram-арнасында жарияланған ресми хабарламада.
Аида Балаева 1974 жылғы 4 шілдеде Алматы облысында дүниеге келген. 2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін "Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі", 2007 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін "Заңгер" мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын Алматы облыстық Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының қоғамдық-саяси үдерістерді талдау және үйлестіру бөлімінде жетекші маман болып бастаған. 1999-2004 жылдары Алматы қалалық Ақпарат басқармасы басшысының міндетін атқарды.
2004-2006 жылдары Алматы қаласы Ішкі саясат департаменті директорының бірінші орынбасары, 2006-2008 жылдары аталған департаменттің директоры болды. 2008-2010 жылдары Астана қаласының Ішкі саясат департаментін, кейін Ішкі саясат басқармасын басқарды.
2010 жылғы ақпаннан 2014 жылғы желтоқсанға дейін Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2014 жылғы 30 желтоқсаннан 2019 жылғы шілдеге дейін Президент әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болды.
2019 жылғы 22 шілдеден 2020 жылғы 4 мамырға дейін Президенттің көмекшісі – Президент әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
2020 жылғы 4 мамырда Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды. 2021 жылғы 18 қаңтарда осы қызметке қайта тағайындалып, 2022 жылғы 11 қаңтарға дейін жұмыс істеді.
2022 жылғы 11 қаңтардан 2023 жылғы 1 қыркүйекке дейін Президент әкімшілігі басшысының орынбасары болды.
2023 жылғы 2 қыркүйекте Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалып, 2024 жылғы 6 ақпанда осы қызметке қайта тағайындалды. Бұл лауазымды 2025 жылғы 1 желтоқсанға дейін атқарды.
2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі болды.
Президенттің басқа Жарлығымен Ғизат Нұрдәулетов Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметінен босатылды.