Ескі көліктерге тыйым салына ма: Алматыдағы жаңа талаптың мән-жайы түсіндірілді

Пробки, машины, автомобили, трафик, дорога, пробка, перегруженный трафик, перегруженные дороги, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.08.2026 16:44 Фото: Zakon.kz
2026 жылғы 31 тамызда Алматы тұрғындарына автокөліктердің экологиялық нормативтерге сәйкестігін анықтайтын міндетті техникалық тексеруге қатысты жаңа талаптың мән-жайы түсіндірілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алматы қаласының атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Бұзырбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте техникалық тексеру кезінде көліктің шығарылған жылы немесе экологиялық класы емес, зиянды қалдықтардың нақты мөлшері ескерілетінін айтты.

Оның сөзінше, шекті жол берілетін шығарындылардың жиынтық томына сәйкес, қаладағы ауаны ластайтын заттардың жалпы көлемінің шамамен 60%-ы автокөліктерден бөлінеді. Бұл ретте негізгі мақсат ескі көліктерге тыйым салу емес, белгіленген экологиялық нормативтерден нақты асып түсетін автокөліктерді анықтау болмақ.


"Бір жылы шығарылған және экологиялық класы бірдей екі автокөліктің пайдаланылған газ көрсеткіштері мүлде бөлек болуы мүмкін. Сондықтан жүйе әр көліктің нақты техникалық жағдайын бағалауы керек", – деді Ерлан Бұзырбаев.

Ол автокөліктің ескі болуы оны пайдалануға шектеу қоюға негіз болмайтынын атап өтті. Техникалық жағдайы дұрыс көлік шығарылған жылына қарамастан тексеруден өте алады.

Өлшеу жұмыстары ҚР СТ 1433-2023 стандартына сәйкес жүргізіледі. Тексеру кезінде пайдаланылған газ құрамындағы көміртек тотығы (СО), көмірсутектер (СН) және түтіндеу деңгейі өлшенеді.

Сарапшының айтуынша, техникалық тексеру жылу энергетикасы, өнеркәсіп, жекеменшік сектор және отын сапасына қатысты шаралармен қатар ауаның ластануын азайту жөніндегі кешенді жұмыстың бір бөлігі болады.

Бұған дейін 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Алматыда бензинмен, газбен және дизель отынымен жүретін автокөліктер экологиялық нормативтерге сәйкестігін анықтайтын техникалық тексеруден өтуге тиіс екені хабарланған еді. Бұл міндетті техникалық байқаудың бөлігі емес, жеке рәсім саналады.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: