"Қауіпсіз шот" деп алдаған: Астанада 7 млн теңгелік алаяқтыққа қатысы бар 20 жастағы жігіт ұсталды
Фото: freepik
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті алаяқтық схемада арнайы курьер рөлін атқарған. Бір эпизодтың өзінде жәбірленушілерден 7 млн теңге ұрланған.
Алаяқтар азаматтарға шетелден қоңырау шалып, өздерін түрлі мемлекеттік және қызмет көрсету ұйымдарының өкілдері ретінде таныстырған. Олар әртүрлі сылтаумен жәбірленушілердің растау кодтарын біліп алған.
Кейін қаскөйлер қайта хабарласып, өздерін полиция немесе "электрондық үкімет" қызметкерлері ретінде таныстырған. Бейнеқоңырау кезінде қызметтік атрибуттарды пайдаланып, азаматтарды олардың есепшоттарына шабуыл жасалып жатқанына және өздерінің "дроппер" болып қалуы мүмкін екеніне сендірген.
Осыдан кейін жәбірленушілерге ақшаларын банктен қолма-қол шешіп алып, "қауіпсіз жерде сақтау үшін" арнайы курьерге беру ұсынылған.
Алынған қаражатты 20 жастағы күдікті криптовалютаға айырбастап отырған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында оның жеке басы анықталып, тұрғылықты жерінде ұсталды. Бұдан бөлек, осыған ұқсас тағы бір факт тіркелді.
Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарға ескертеді: құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ешқашан ақшаны курьерге беруді немесе оны "қауіпсіз шотқа" аударуды талап етпейді. Осындай қоңырау түссе, әңгімені бірден тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне өзіңіз хабарласқан жөн.