Алматыда сегіз жаңа мектеп пайдалануға берілді
Фото: Министерство просвещения РК
Алматы қаласы Білім басқармасының мәліметінше, биыл 32 922 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Оның 30 046-сы мемлекеттік, ал 2 876-сы жекеменшік мектептердің бірінші сыныбына қабылданды.
Қазір Алматыда 362 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Онда 356 мыңға жуық оқушы білім алып жатыр. Өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушылар саны шамамен 3%-ға артып, мемлекеттік мектептер саны 10 білім ошағына көбейді.
Жаңа мектептер оқушы орындарына сұраныс жоғары аудандарда ашылды. Атап айтқанда, Алатау ауданында жалпы сыйымдылығы 3 750 орын болатын үш мектеп, Түрксіб ауданында 6 100 орындық төрт мектеп, ал Жетісу ауданында 1 200 орынға арналған бір мектеп пайдалануға берілді.
Сонымен қатар №112 және №16 мектептердің жанынан әрқайсысы 300 оқушыға арналған қосымша корпустар ашылды.
"Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында Алматыда жалпы сыйымдылығы 34 800 орын болатын 21 мектеп пайдалануға берілген.
Қалада қолданыстағы білім беру инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр. №60, №160 және №124 мектептерді қайта жаңғырту аяқталды. Сондай-ақ №15 мектеп-интернат жөндеуден кейін қайта ашылды. Бұдан бөлек, 164 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Мемлекеттік білім беру ұйымдарында химия, физика, биология, STEM және робототехника бағыттары бойынша 1 130 заманауи кабинет жабдықталды.
Жаңа оқу жылында оқушыларды әлеуметтік қолдау шаралары да жалғасты. "Мектепке жол" акциясы аясында әлеуметтік осал санаттағы 7 669 балаға мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алу үшін 60 мың теңгеден берілді. Сонымен қатар 133 мың оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды.
Алматыдағы барлық мектеп интернет желісіне қосылған. Оның ішінде 235 мектепте талшықты-оптикалық байланыс желісінің көмегімен интернет жылдамдығы секундына 100 мегабитке дейін жетеді.
Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік пен көлік қолжетімділігіне де ерекше көңіл бөлінген. Қаладағы 202 мемлекеттік балабақша мен 235 мемлекеттік мектеп кешенді қауіпсіздік жүйелерімен толық жабдықталды.
"Мектеп автобусы" жобасы аясында 60 мектепте білім алатын 11 мыңнан астам оқушы тегін тасымалмен қамтылды. Балаларды тасымалдауға 250 автобус жұмылдырылған.