Латынға көшсек те, кирилл қарпін оқысақ та, бәрінің негізін Ахмет Байтұрсынов қалаған
Сурет: Zakon.kz
Саналы ғұмырын ғылымға сарп еткен тұлғаның тәжірибесі бүгінде оқу орындарына үлгі, деп хабарлайды Astana.tv Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай әзірлеген сюжетте.
"Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде студент жастарды тәрбиелеуге арналған арнайы тәжірибелік тәрбие тұжырымдамасы бекітілген болатын. Бұл тұжырымдама аясында Ахмет Байтұрсынұлының осы идеологиялық негіздері, білім, ғылым, шығармашыл жастарды тәрбиелеу бағытындағы негізгі айтылған сөздері бүгінгі күнге дейін актуалды тақырып болғандықтан, осы тәрбие тұжырымдамасы арнайы бекітіліп, осыған еңбектері енгізілген болатын". Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің проектор міндетін атқарушы Мерген Сүлейменов
Ахмет Байтұрсынұлы дауысты, дауыссыз дыбыстарды бөліп, қазақ тілінің емле ережесін енгізді. Бұдан кейін терминдер де қазақшаға икемделді.
"Терминдерді қазақ тілінің табиғатына сай бәрінің баламасын тауып, қазақша аударып қолданатын. Қазір енді біз қолданып жүрген эпос, лирика, драма деген әдебиеттің жанрлық типтерін әуезе, айтыс-тартыс, лириканы толғаныс деп қолданатын. Қандай ұғымдар екенін көріп отырсыз. Бір де бір терминді халықаралық деңгейде қолданбайды. Тіл шұбарлауға қарсы болатын". Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры, PHD докторы Айдарбек Ақболатов
Ахметтің араб жазуы негізіндегі "Әліппесімен" бірнеше буын білім алды. Қазақ дыбысымен үндескен оқулық әлі де құнды. Латынға көшсек те, кирилл қарпін оқысақ та, бәрінің негізін ұлт ұстазы қалаған.
"Ахмет Байтұрсынұлының сол кездегі "Әліппесі", оқу құралдары - қазіргі "Әліппенің" атасы. Тіл құралдары - қазіргі қазақ грамматикасының атасы. Мәселен, бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, пысықтауыш немесе алуан тілдік категориялардың атаулары осылардың барлығын алғаш тіл білімі ғылымына енгізген Ахмет Байтұрсынұлы!". Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев
Ахмет Байтұрсынұлы репрессияға ұшырап, атылса да, еңбегі өшпеді. Өйткені ол жазған әріп пен енгізген ережелері әр қазақтың аузында, әр оқулықта тұр. Ана тіліміздің әрбір ережесі - сол кісінің аманаты.
Бұған дейін Алматыда Батима Заурбекованың 80 жылдығына арналған "Мұра жіптері" көрмесі өтетіні хабарланған.