"Бізді ұйықтап жатқанда улап жатыр ма?!": Атырау тұрғындарын қаладағы өткір иіс алаңдатты
Фото: Zakon.kz
Оқиға әлеуметтік желідегі Threads платформасында қызу талқыланып жатыр. Нұрсая ықшамауданының тұрғыны пәтерлерге терезелер жабық тұрса да түтіннің кіргенін көрсететін кадрлар жариялады.
"Таңғы сағат 5. Өткір иістен оянып кеттім. Терезені ашқым келіп еді, сырттағы көріністі көріп шошып кеттім. Басында не болғанын түсінбей, газ тарады ма деп ойладым. Терезелер жабық болса да, үйдің ішінде иіс сезіледі. Сыртта не болып жатқанын елестете алмаймын. Бізді ұйықтап жатқанда улап жатыр ма?!" – деп жазды автор 7 қыркүйекте.
Жағдайға Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Жергілікті биліктің мәліметінше, экологиялық қызметтер тәулік бойы, оның ішінде түнгі уақытта жұмыс істеу режиміне көшкен. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары сағат 22:00-ден 07:00-ге дейін атмосфералық ауаға сынама алған.
Мониторинг нәтижесінде тұрғындардың алаңдаушылығы расталып, Атыраудың бірқатар ауданында ауа құрамындағы зиянды заттардың шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кеткені анықталған. Атап айтқанда, күкіртсутек пен көміртек тотығының мөлшері жоғарылаған.
"Анықталған фактілерге байланысты облыс әкімі атмосфералық ауаның ластануына себеп болуы мүмкін кәсіпорындарға қатысты тексеру жүргізу үшін қажетті материалдарды дайындауды тапсырды", – деп хабарлады 7 қыркүйекте әкімдік.
Тергеу аясында мамандар ластанудың ықтимал көздерін де тексеріп жатыр. Олардың қатарында "Тухлая балка" булану алаңдары мен Атырау мұнай өңдеу зауытының (АМӨЗ) булау станциясы бар.