Қазақстандағы колледждердің 70%-дан астамы 40 жыл бұрын салынған: Бектенов тапсырма берді
Фото: akorda.kz
Үкімет басшысының мәліметінше, бүгінде Қазақстанда жұмыс істеп тұрған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 70%-дан астамы 40 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Осыған байланысты колледждердің тартымдылығын арттыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет.
"Оқу бағдарламаларын еңбек нарығы мен халықтың сұранысына сәйкес тұрақты түрде жаңартып отыру керек. Сұранысқа ие микробіліктіліктерді меңгеру үшін қысқа мерзімді модульдік бағдарламалар ашу қажет. Колледж жастар кәсіби білім мен дағды алу үшін саналы түрде таңдайтын оқу орнына айналуға тиіс. Сонымен қатар оның инфрақұрылымын едәуір жаңғырту қажет", – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр Президенттің ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың құрылысын бастауды, яғни елді ауқымды құрылыс алаңына айналдыруды тапсырғанын атап өтті.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы осы міндет аясында колледждер салу және оларды кешенді жаңғырту тәсілдерін мақұлдады.
"Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, биылғы 1 қарашаға дейін Үкіметке Техникалық және кәсіптік білім берудің заманауи инфрақұрылымын дамытудың 2027-2030 жылдарға арналған бағдарламасын енгізуді тапсырамын. Кадр тапшылығын еңсеру және білім беру жүйесі мен бизнестің нақты сұранысы арасындағы алшақтықты жою үшін жұмыс берушілер мен салалық қауымдастықтардың қажеттіліктерін білім беру ұйымдарының мүмкіндіктерімен үйлестіру қажет", – деді Премьер-министр.
Сондай-ақ ол Оқу-ағарту министрлігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, экономиканың басым салалары бойынша кадр даярлау және оларды тәуелсіз сертификаттаудан өткізу жөніндегі салалық кластерлерді әр өңірде құруды тапсырды.
"Өңірлердің және жаңа жоғары технологиялық өндірістердің нақты қажеттіліктеріне сай кадрларды барынша тиімді даярлау үшін колледждердегі мемлекеттік тапсырысты қалыптастыруға қажетті жұмыс орындарының нақты санын анықтау керек. Ол үшін Еңбек, Оқу-ағарту, Ғылым министрліктері мен өңір әкімдіктері өндірістердегі жұмыс орындарының түрлері мен санын жыл сайын болжау бойынша жүйелі талдау жұмысын жолға қоюға тиіс. Бұл болжам үнемі жаңартылып, Enbek.kz ақпараттық жүйесінде жарияланып отыруы қажет", – деп қорытындылады Олжас Бектенов.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда жұмыс істегісі келетін азаматтар үшін бос жұмыс орындары жеткілікті екенін айтып, халыққа еңбек нарығындағы жағдайды түсіндіру қажет екенін мәлімдеген еді.