Қазақстандық оқушылардың 80%-ы сабақта жасанды интеллект қолданады
Фото: pexels
Қазақстанда PISA-2025 зерттеуі 2025 жылғы сәуір-мамыр айларында өтті. Оған еліміздің барлық өңіріндегі 643 білім беру ұйымынан 22 680 оқушы қатысты. Жалпы зерттеудің жаңа цикліне 91 ел мен аумақтан 15 жастағы 760 мыңнан астам білім алушы қамтылды.
Биылғы зерттеудің ерекшелігі – "Цифрлық әлемде білім алу" атты жаңа инновациялық бағыттың енгізілуі. Ол оқушылардың жаңа білімді өз бетінше меңгеру және цифрлық ортада түрлі міндеттерді шешу қабілетін бағалауға бағытталған.
Зерттеу Қазақстан мектептерінің цифрлық дайындығы жоғары екенін көрсетті. Мәселен, қазақстандық оқушылардың 80%-ы сабақ кезінде жасанды интеллект көмегімен жасалған контентпен жұмыс істейді. ЭЫДҰ елдеріндегі орташа көрсеткіш – 63%.
Сонымен қатар қазақстандық оқушылардың 85%-ы цифрлық құрылғыларды пайдалануға қатысты пәндік ұсынымдар енгізілген мектептерде білім алады. Бұл көрсеткіш ЭЫДҰ елдерінде 71%-ды құрайды.
Зерттеуде мектептегі қауіпсіздік пен тәртіп мәселесіне де назар аударылған. Қазақстандық оқушылардың 77%-ы буллингке тап болмайтынын айтқан. ЭЫДҰ бойынша бұл көрсеткіш – 53%.
Қазақстандағы білім алуға қолайлы тәртіптік ахуал индексі 0,80 болса, ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш 0,14 деңгейінде. Сондай-ақ оқушылардың 71%-ы мектебі оларды болашақ өмірге қажетті деңгейде дайындайтынын атап өткен. ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш – 51%.
Педагогтердің қолдауы бойынша Қазақстанның индексі 0,65-ті құрады. Бұл ЭЫДҰ-ның 0,03 көрсеткішінен жоғары. Ал оқушылардың өзара білім алуы бойынша Қазақстанның көрсеткіші 87%-ға жеткен, ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш – 51%.
Қазақстандық білім алушылардың 75%-ы өсуге бағытталған ойлау ұстанымын көрсеткен. Бұл ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіштен (69%) жоғары. Когнитивтік бейімделу индексі де жоғары – Қазақстанда 0,21, ЭЫДҰ бойынша 0,01.
PISA-2025 зерттеуінің негізгі бағыты жаратылыстану-ғылыми сауаттылық болды. Қазақстандық оқушылардың жаратылыстану және оқу сауаттылығы бойынша нәтижелері PISA-2022 деңгейінде сақталған. Сонымен қатар жаратылыстану бойынша көрсеткіш 2018 жылғы деңгейден жоғары болды.
Зерттеу нәтижелері Қазақстанда экологиялық хабардарлық, позитивті экологиялық ұстанымдар және экологиялық білім алу мүмкіндіктері бойынша көрсеткіштер де ЭЫДҰ елдерінің орташа деңгейінен жоғары екенін көрсетті.
Сонымен қатар зерттеу білім беру жүйесінде әлі де жетілдіруді қажет ететін бағыттарды анықтады. Олардың қатарында өңірлер мен мектептер арасындағы айырмашылықтарды азайту, оқушылардың базалық білімі мен дағдыларын нығайту және оқыту сапасын арттыру бар.
PISA-2025 нәтижелерін егжей-тегжейлі талдау қорытындысы бойынша Ахмет Байтұрсынұлы атындағы "Талдау" орталығы Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп, өңірлер бойынша білім беру жүйесінің көрсеткіштерін жақсартуға арналған ұсынымдар әзірлемек.