Қазақстанда көппәтерлі үйлерді басқару ережелерін өзгерту ұсынылды

Дом, жилье, квартира, дома, квартиры, недвижимость, аренда жилья, съемное жилье, продажа дома, продажа жилья, ипотека, ипотечная программа, ипотечное жилье, сурет - Zakon.kz жаңалық 10.09.2026 16:21 Фото: Zakon.kz
Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева 2026 жылғы 10 қыркүйекте өткен отырыста депутаттық сауал жолдап, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару ережелерін қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Смышляеваның айтуынша, жаз мезгілінде "Әділет" партиясының мүшелері еліміздің барлық өңірінде Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ), пәтер иелері кооперативі (ПИК) төрағаларымен және көппәтерлі үйлердің тұрғындарымен ондаған кездесу өткізген. Нәтижесінде шамамен 200 ұсыныс жиналған. Олардың бір бөлігі заңнамаға өзгеріс енгізуді талап етсе, енді бірі басқару сапасы мен заңға тәуелді нормативтік актілерді жетілдіруге қатысты.

"Біріншіден, үйдің күтіміне, өрт қауіпсіздігіне және инженерлік жүйелерге төраға жауап береді. Алайда көптеген шешім үй иелерінің дауыс беруіне және тұрғындардың өз әрекетіне байланысты. Соған қарамастан бақылаушы органдардың талаптары көбіне төрағаға қойылады. Тексеру парақтары, регламенттер мен әкімшілік рәсімдер үйді басқару органдарының нақты өкілеттігіне әрдайым сәйкес келе бермейді. Екіншіден, МИБ төрағасы қайта сайланғаннан кейін мемлекеттік, банктік және басқа да жүйелердегі мәліметтерді өзгерту кезінде қиындықтар туындайды. Жаңа төраға іс жүзінде бұрынғы басшының әрекетіне тәуелді болып қалуы мүмкін. Құжаттарын уақытында тапсырғанымен, қайта тіркеуден бас тартылған ПИК-терді қайта тіркеу мәселесі де әлі шешілмей отыр", – деді ол.

Үшінші мәселе ретінде депутат үйді басқару органдарының тұрғындар туралы ақпаратқа қол жеткізе алмауын атады. Оның айтуынша, осының салдарынан апатты жағдай кезінде пәтер иелерін табу қиынға соғады.

"Төртіншіден, банктер үйлердің шоттарын ашу және жүргізу, уәкілетті тұлғаларды ауыстыру, сондай-ақ төрағалардың өкілеттігін растау кезінде әлі де әртүрлі рәсімдер мен әртүрлі құжаттар топтамасын талап етеді. Бесіншіден, үйлердің қасбетін, шатырын, лифтілерін және инженерлік жүйелерін жөндеу, яғни күрделі жөндеу жұмыстары қомақты қаражатты қажет етеді. Бұл ретте ұзақ мерзімді қаржыландырудың қолданыстағы тетіктері жекелеген өңірлерде ғана жұмыс істейді. Сонымен қатар жөндеу жұмыстарын басымдықпен жүргізу және апатты жағдайлардың алдын алу үшін тұрғын үй қорының техникалық жай-күйі туралы жүйелі ақпарат жоқ. Алтыншыдан, тұрғын үй қатынастары бөлімдеріндегі қызметкерлер саны олардың нақты жұмыс көлеміне әлі де сәйкес келмейді. Тұрғын үй қорын басқару мәселелерінің ауқымы әлдеқашан жеке қызмет құру қажеттілігін көрсетіп отыр", – деп жалғастырды депутат.

Ол қолданыстағы пайдалану талаптары заманауи тұрғын үй кешендерінің ерекшеліктерін, соның ішінде жеке қазандықтардың, күрделі инженерлік жүйелердің және басқа да инфрақұрылымның болуын әрдайым ескере бермейтінін атап өтті.

Депутат көппәтерлі үйлердің бірінші қабаттарында орналасқан кафе мен мейрамханалар мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, мұндай нысандар шу мен жағымсыз иіс тудырып, инженерлік жүйелерге қосымша салмақ түсіреді.

Осыған байланысты депутат Үкіметтен көппәтерлі үйлерді басқару ережелерін қайта қарауды, МИБ төрағаларын цифрлық жүйелерде ауыстыру рәсімін жеңілдетуді және ПИК-терді қайта тіркеу жұмыстарын аяқтауды сұрады.

Сонымен қатар тұрғындардың дауыс беруі үшін тегін сервис іске қосу, үй шоттарына қатысты банктердің талаптарын біріздендіру, тұрғын үйлердегі коммерциялық нысандарға қойылатын талаптарды күшейту және күрделі жөндеуді қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту ұсынылды.

Еске салайық, Астанада 2026 жылғы 18 тамыздан бері фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты сот процесі өтіп жатыр. Оқиға 2025 жылғы 8 қарашада болған. Сол күні Астанада Тәуелсіздік даңғылы бойында тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптаманың бір бөлігі мен кондиционер құрылғысы құлап, бес адам зардап шеккен.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: