Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяның бірқатар азаматын марапаттады
Сурет: akorda.kz
2026 жылдың 14 қыркүйегінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулде Корея Республикасының бірқатар мемлекет және қоғам қайраткеріне II дәрежелі "Достық" орденін табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ақорданың баспасөз қызметі берген ақпаратына сай, мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларға ілтипат білдіріп, қазақ пен корей халықтарын ежелден келе жатқан достық байланыстыратынын атап өтті.
"Екі елдің арасы алшақ болғанымен, бізді өзара құрмет пен ортақ мүдде жақындастырды. Корея экономикасы айналасындағы бәсекелестік пен сын-қатерлерге қарамастан ойдағыдай дамуда. Бұл – халықтың еңбекқорлығы мен ірі кәсіпкерлердің арқасы. Қазақ халқы мен билік өкілдері достас Корея еліне шынайы сыйластықпен қарайды. Корея Республикасы – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Біз Кореяны халықаралық абырой-беделі зор мемлекет ретінде білеміз. Бүгінде мемлекеттеріміздің сан қырлы ынтымақтастығы жыл санап нығайып келеді. Осыдан бес жыл бұрын Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы мәлімдеме қабылдаған едік", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент екі мемлекет арасында терең саяси диалог орнағанын және сан қырлы ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын айтты.
"Сауда-экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатыр. Біз машина жасау, энергетика, металлургия, озық технология және басқа да салаларда бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Әлемге танымал корей компаниялары елімізде табысты жұмыс істеуде. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз да күшейді", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кореямен байланысты нығайтуда Қазақстандағы корей этносы өкілдерінің айрықша рөл атқаратынына назар аударды.
"Қазір Қазақстанда жүз мыңнан астам корей ұлтының өкілі тұрады. Олардың еліміздің экономикасы мен қоғамдық-саяси дамуына қосқан үлесі орасан зор. Елімізде барлық этнос үшін қолайлы жағдай жасалған. Корё-сарам қауымдастығы да қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп, еліміздің ынтымақ-бірлігін арттыруға мол үлес қосып отыр. Қазақстанда корей мәдени орталықтары қызмет етеді. Алматыдағы академиялық корей театры көрерменнің көзайымына айналды. Сондай-ақ корей тілінде газет шығып, арнайы радиохабар таратылады", – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, екі халықтың достығын одан әрі бекемдеу ортақ мүддеге сай келеді.
"Бүгін қазақ-корей қарым-қатынасы үшін маңызды күн деп санаймын. Мен осы сапарымның аясында Корея Республикасының бірқатар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерін ІІ дәрежелі "Достық" орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – қазақ жұртының өздеріңізге деген шынайы құрметі мен риясыз көңілінің белгісі. Сіздер алдағы уақытта да екі ел арасындағы байланысты нығайтуға сүбелі үлес қоса бересіздер деп сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Рәсім барысында II дәрежелі "Достық" орденімен:
- Корея Республикасы Ұлттық жиналысының 22-шақырылым депутаттары Мэн Сон Гю мен Ли Чжэ-кан;
- Сеул киберуниверситетінің президенті Ли Сан Гюн;
- Хангук шет тілдері университетінің профессоры, Орталық Азияны зерттеу институтының директоры Сон Ён Хун;
- Hyundae General Hospital көпбейінді клиникасының директоры Ким Бу Соп марапатталды.
14 қыркүйекке қараған түні Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Ли Чжэ Мённің шақыруымен Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барды.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript