Діни идеологияны жамылған 22 қылмыстық топтың жолы кесілді – ІІМ

Діни идеологияны жамылған 22 қылмыстық топтың жолы кесілді – ІІМ, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.09.2026 21:16 Сурет: polisia.kz
Жыл басынан бері Қазақстанда діни-экстремистік идеяларды жамылып, қылмыстық әрекетпен айналысқан 22 топтың қызметі тоқтатылды. Олардың құрамындағы 64 адам ұсталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

ІІМ мәліметінше, бұл топтардың мүшелері діни ұрандарды өздерінің қылмыстық әрекеттерін ақтау үшін пайдаланған. Олар бопсалау, алаяқтық, тонау, браконьерлік және есірткі өткізумен айналысқан. Сонымен қатар қылмыстық әрекеттер жасау үшін атыс қаруын сақтаған.

Мұндай топтар Алматы қаласында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында әрекет еткен.

Мысалы, Алматыда радикалды діни идеяларды ұстанған төрт адам қала тұрғынынан 7,5 млн теңге ұрлаған. Сот оларды бес жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айырды.

Петропавлда радикалды діни идеологияны ұстанған әйел жасаған алаяқтықтың төрт эпизоды анықталды. Оның әрекетінен келген залал 2 млн теңгеден асқан. Сот әйелді үш жылға бас бостандығынан айырды.

Ал Павлодарда радикалды діни көзқарастағы жергілікті тұрғын алаяқтықтың 17 эпизодын жасаған. Келтірілген залал 8 млн теңгеден асқан. Ол бес жылға сотталды.

Жалпы, жыл басынан бері ішкі істер органдары діни экстремизм идеяларын ұстанушылар жасаған пайдакүнемдік-зорлық сипатындағы 155 қылмысты ашты.

Заңсыз айналымнан:

  • 114 атыс қаруы;
  • 3 суық қару;
  • 7 граната;
  • 1 600-ден астам оқ-дәрі;
  • 32 келіден астам есірткі тәркіленді.

Полиция экстремистік және террористік қылмыстарды, соның ішінде интернетте радикалды идеология таратуды да анықтап, жолын кесіп жатыр.

Ақтөбеде қала тұрғыны әлеуметтік желілерде өзге дін өкілдерін қорлап, діни араздықты жария түрде қоздырған. Ол үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылды.

Ақтөбедегі тағы бір жағдайда зорлық-зомбылық акцияларын жоспарлаған радикалды көзқарастағы жас жігіт ұсталды. Терроризмді насихаттағаны үшін сот оны алты жылға бас бостандығынан айырды.

Түркістан облысында радикалды діни идеологияны ұстанған адам ұсталды. Ол интернетте халықаралық террористік ұйым – "Өзбекстан ислам қозғалысының" идеяларын белсенді түрде таратқан. Сот оны жеті жылға бас бостандығынан айырды.

ІІМ өкілдері діни сенімдер қылмысты, зорлық-зомбылықты немесе діни араздықты қоздыруды ақтауға негіз бола алмайтынын атап өтті.

Министрлік азаматтарды қорғау, қылмыстық әрекеттердің жолын кесу және зорлық-зомбылық пен діни үстемдік идеологиясының таралуына жол бермеу бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: