Сәтбаев қаласының жаңа әкімі тағайындалды
Сурет: Instagram/ulytau_oblysy
Бүгін, 2026 жылғы 17 қыркүйекте Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Сәтбаев қаласының активіне жаңа әкімді таныстырды.
"Бүгіннен бастап Сәтбаев қаласын Кеңгірбай Қоңырұлы Смағұлов басқарады", – делінген әкімдіктің ресми хабарламасында.
Кеңгірбай Смағұлов 1978 жылы дүниеге келген. О.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін бітірген.
Еңбек жолын 2000 жылы Жезқазған қаласының салық комитетінде бастаған. Әр жылдары кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және көлік салаларында басшылық қызметтер атқарған.
2020-2022 жылдары Nur Otan партиясы Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2022 жылы AMANAT партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы болды.
2022-2024 жылдары Ұлытау облысының еңбек инспекциясы басқармасы мен қаржы басқармасын басқарды. 2024 жылдан 2026 жылға дейін облыс әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарды.
Айта кетейік, бұл тағайындау Жезқазғандағы кадрлық өзгерістерден кейін жасалды. Бұған дейін Қайрат Шайжанов төрт жыл қызмет атқарған Жезқазған қаласының әкімі лауазымынан кеткенін әлеуметтік желіде мәлімдеген еді. Кейін Жезқазған әкімі болып Мұрат Бөрібаев тағайындалды. Ол бұған дейін Сәтбаев қаласын басқарған.