Қала күніне орай: Almaty TV жасанды интеллект көмегімен Алматы туралы өз мультсериалын ұсынады
Сурет: almaty.tv
Басты кейіпкерлер — Айлин мен Барыс қызықты оқиғаларға толы саяхатқа аттанып, көрермендерді Алматы қаласымен, оның бай тарихымен, бірегей мәдениетімен және заманауи келбетімен таныстырады.
Мультсериалдың сюжеттік желілеріне Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан "Таза Қазақстан", "Әділетті Қазақстан", "Заң мен тәртіп", "Амандасу" және "Жеңімпаз ұлт" жалпыұлттық бағдарламалары мен тұжырымдамалары енгізілген.
Кейіпкерлердің оқиғалары арқылы жас көрермендер заңды құрметтеудің, қоғам алдындағы жауапкершіліктің, салауатты өмір салтының маңызын түсінеді, сондай-ақ жайлы қалалық ортаны дамыту мен ел игілігі жолындағы жасампаз еңбек туралы біледі.
Мультсериалды жасауға телеарна қызметкерлерін Мемлекет басшысының Қазақстан тарихын балалар мен жастарға анимациялық фильмдер арқылы кеңінен насихаттау тапсырмасы, сондай-ақ Цифрландыру жылы аясында Almaty TV өндірістік қызметіне жасанды интеллект құралдарын белсенді енгізу үдерісі ынталандырды.
Жасанды интеллект технологияларының, тартымды сюжеттің және харизмасы жоғары кейіпкерлердің үйлесімі жаңа мультсериалды өскелең ұрпақты тәрбиелеудің және Қазақстанның мәдениеті мен болашағына қызығушылық қалыптастырудың маңызды құралдарының біріне айналдырады.
Алғашқы бөлімдері телеарнаның эфирінде және әлеуметтік желілерінде осы сенбі, 19 қыркүйек күні сағат 10:00-де көрерменге жол тартады.
Бұған дейін Almaty TV соңғы жылдардағы ең мазмұнды маусымдардың бірі болғалы отырған жаңа телевизиялық маусымның басталғанын хабарлады. Көрермен назарына көпшіліктің көңілінен шыққан бағдарламалармен қатар жаңа жарқын жобалар мен отандық сериалдардың премьералары ұсынылады.