Теміртау маңында 200-ге жуық шошқа тиеген фура аударылып кетті
Сурет: pixabay
Әлеуметтік желілерде жол жиегінде аударылып жатқан жүк көлігі мен оның маңындағы шалғында еркін жүрген шошқалар түсірілген жол-көлік оқиғасының видеосы тарады. Куәгерлердің айтуынша, оқиға Теміртау маңында болған.
Видео аз уақыттың ішінде көп қаралым жинап, желі қолданушылары түрлі пікір қалдырған:
- Халал емес жол-көлік оқиғасы.
- Тағдыр екінші мүмкіндік берді.
- Бостандық.
- Жүк көлігінен қашып шыққан.
- Осыдан 30 минут бұрын ғана осы жерден өтіп едік. Жануарларды аяп тұрмын, көбісі жатыр. Жүргізуші аман-есен болса екен, жедел жәрдем де тұрды.
Оқиғаға Қарағанды облысының полиция департаменті түсінік берді. Полиция мәліметінше, 19 қыркүйек шамамен сағат 09:00-де Астана – Қарағанды автожолының 188-шақырымында, Теміртау қаласындағы жол өткелі маңында Scania жүк көлігі мен тіркемесі қатысқан жол-көлік оқиғасы болған.
"Алдын ала мәлімет бойынша, 39 жастағы жүргізуші Scania автокөлігін басқарып келе жатып, көлік тізгініне ие бола алмай, нәтижесінде көлік аударылған. Жүк көлігі Көкшетау – Ташкент бағыты бойынша 193 бас шошқа тасымалдаған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жануарлар жолдан шығып, далада жүр. Адамдар арасында зардап шеккендер жоқ", – деп хабарлады Қарағанды облысының полиция департаменті.
Оқиға орнында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қосымша қауіптердің алдын алу үшін қажетті шаралар қабылданып жатыр. Жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептері анықталуда.