Торғай даласынан 200-ге жуық көне жәдігер табылды
Фото: Zakon.kz
Бірегей артефактілер бізге беймәлім болып келген біраз құпияның сырын ашауға көмектеседі дейді мамандар.
Амангелді ауданындағы Үштоғай төрттағаны елдегі киелі нысандар тізімінде. Бұл қорғандар жайлы ең алғаш 1909 жылы зерттеуші ғалым Б.А.Скалов айтқан болатын. Алайда оның тарихи ауқымын сол заманда бағамдау мүмкін болмады, деп жазады qazaqstan.tv.
Тек 2007 жылы жергілікті зерттеуші Дмитрий Дей геоглифтердің нақты геометриялық дәлдікпен жасалғанын спутник суреттері арқылы дәлелдеп, ғылыми жаңалық ашты. Қазір мұнда 8 археолог кешенді қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр.
"Қостанай облсының ерекшелігі көне жәдігерлердің бәрі жер бетінде жатыр. Біз алғаш төмпешіктерді жасанды көлшік қасынан байқап, артефактар таптық. Кейін жақын маңайды зерттей бастадық. Өзеннің ескі арналарының жанынан басқа қазбалар табыла бастады. Бұл олардың жазғы аңшылық тұрағы. Киіктерді аулаған. Геоглифтерді салған да солар болуы мүмкін. Бұны арнайы талдаудан кейін нақты айта аламыз." Дмитрий Дей, "Turgay Discovery" ғылыми-зерттеу жобасының жетекшісі
Жалпы Қостанай облысында 1200-ден астам археологиялық ескерткіш бар. Көбі аймақтың оңтүстік өңірінен табылған. Ал геоглифтер саны жүзге жуықтайды. Зерттеушілердің болжамынша, ұзындығы жарты шақырымға жететін диагоналды өрнекті фигруралар ерте темір дәуіріне тиесілі.
Торғай геоглифтері 2022 жылдан бері зерттелуде. Тарихи нысанға шетелдік ғалымдардың да қызығушылығы жоғары. Осы уақытқа дейін 3000-ға жуық қазба табылды. Олардың бәрі облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорында сақтаулы тұр.