Күзетшіні жұмыс орнында аяусыз ұрып кеткен: қайғылы оқиғаның сұмдық жай-жапсары анықталды

Зал суда, суд, молоток судьи, судья, приговор, судебный процесс, зачитывание приговора, судебная система, уголовный кодекс РК, сурет - Zakon.kz жаңалық 21.09.2026 19:02 Фото: Zakon.kz
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жұмыс орнында қайғылы жағдайда қаза болған күзетшінің отбасы мүшелерінің құқығын қорғады. Сот қызметкердің өлімін еңбек қызметімен байланыстырмаған еңбек инспекциясының актісін заңсыз деп таныды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қайғылы оқиға былтыр қыркүйек айында болған. Іс материалдарына сәйкес, ер адам Маңғыстау облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығында түнгі ауысымға түскен.

Түнгі сағат бір шамасында есірткіге мас күйдегі, қолында темір зат болған қарақшы нысан аумағына темір қоршаудан асып кірген.

"П. дыбысты естіп, күзет орнына қарай барған. Сол жерде белгісіз адам оған темір затпен шабуыл жасап, денесінің әртүрлі бөліктеріне бірнеше рет соққы жасаған. П. Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді. Алайда алған жарақаттарының салдарынан қайтыс болды", – делінген сот хабарламасында.

Оқиғадан кейін Маңғыстау облысының еңбек инспекциясы арнайы тергеу жүргізу үшін комиссия құрған. Алайда ведомство күзетшінің өлімі еңбек қызметіне байланысты емес жазатайым оқиға деген қорытындыға келген.

Актіде ер адамның шабуыл кезінде ұйықтап жатқаны және қылмыскердің әрекеті оның еңбек міндеттерін орындауымен себеп-салдарлық байланыста болмағаны көрсетілген.

Комиссияның бұл қорытындысымен келіспеген марқұмның туысы сотқа талап арыз берген.

"Жазатайым оқиға П.-ның жұмыс уақытында және жұмыс орнында болған. Бұл орынға оны жұмыс беруші жіберген. Арнайы тергеу актісін жасау кезінде комиссия П. жазатайым оқиға болған сәтте ұйықтап жатқан деген қорытындыға келген. Сондай-ақ жазатайым оқиғаның себебі үшінші тұлғаның құқыққа қайшы әрекеті, оның еңбек міндеттерін орындауымен байланысты емес және туындаған салдармен себеп-салдарлық байланысы жоқ деп көрсетілген", – деді соттың баспасөз қызметі 2026 жылғы 21 қыркүйекте.

Комиссия күзет агенттігінің басшылығынан да жауап алмаған. Сонымен қатар Қазақстанның Еңбек кодексін бұза отырып, оның құрамына жұмыс беруші мен АИТВ орталығының өкілдерін қоспаған.

Сот шабуылдың жұмыс уақытында әрі жұмыс орнында болғанын атап өтті. Осыған байланысты талап арызды толық қанағаттандырып, еңбек инспекциясының актісін заңсыз деп таныды және істі қайта тергеуді міндеттеді.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: