Қостанайда көпбалалы ана әкімдікті сотта жеңіп шықты: іс немен аяқталды
Фото: pixabay
Бұл туралы бүгін, 24 тамызда, соттың Telegram-арнасында жарияланды.
Сот шешімімен көпбалалы ана К. азаматшаның Қостанай қаласының әкімі мен Қостанай қаласы әкімдігінің "Тұрғын үй қатынастары бөліміне" қарсы берген талап арызы қанағаттандырылды.
Талап арызда көпбалалы отбасына тұрғын үй заңнамасының талаптарын бұза отырып, ауданы 77,7 шаршы метр баспана берілгені көрсетілген. Сот жауапкерлерді жеті адамнан тұратын көпбалалы отбасына ҚР "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңының 75-бабы 1-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес тұрғын үй беруге міндеттеді.
Заңның 75-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспананың әр адамға шаққандағы пайдалы алаңы кемінде 15 және 18 шаршы метрден аспауы керек. Бұл ретте баспана кемінде бір бөлмелі пәтер немесе жатақханадағы бөлме болуы тиіс.
Жеті адамнан тұратын отбасы үшін тұрғын үйдің ең төменгі ауданы 105 шаршы метр, ал ең жоғарғысы 126 шаршы метр болуы қажет. Демек, 77,7 шаршы метрлік пәтер заңда белгіленген ең төменгі мөлшерден 27,3 шаршы метрге аз.
Сот анықтағандай, тұрғын үй комиссиясы мәселені қараған кезде талапкердің жүктілік мерзімі 22 аптадан асқан. Бұған баланың 11 күннен кейін дүниеге келгені дәлел болған.
Заңның 75-бабының 5-бөлігіне сәйкес, тұрғын үйдің көлемін анықтау кезінде отбасында жүктілік мерзімі 22 аптадан асқан әйелдің бар-жоғы да ескерілуі тиіс.
Сонымен қатар сот талапкердің жалдау шартына қол қойған кезде жаңа туған, шала туған сәбиімен перзентханадан енді ғана шыққанын және қиын жағдайға тап болғанын да ескерген. Тұрғын үйге аса мұқтаж болғандықтан, ол ұсынылған баспанаға келісуге мәжбүр болған.
"Азамат заңда белгіленген жеңілдік санатына жатқызылып, мемлекет оған тұрғын үй беру туралы шешім қабылдағаннан кейін, белгіленген тұрғын үй алаңының нормасы әкімшілік шешіммен, тұрғын үй қорының тапшылығына, дерекқордың техникалық жағдайына немесе мұқтаж азаматтың ұсынылған жалғыз нұсқаға келісім беруіне байланысты азайтылмауға тиіс", – деп мәлімдеді Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.