Жеңілдік болмайды: ІІМ көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілерге жауап берді

Водитель, водители, машина, машины, автомобиль, автомобили, руль, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.09.2026 15:03 Фото: pexels
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха 2026 жылғы 22 қыркүйекте Үкіметтегі брифингте ІІМ-нің көлік жүргізу құқығынан айыру мерзімін қысқартуға неге қарсы екенін түсіндірді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілерге қолданылатын жазаны қайта қарау, атап айтқанда, құқықтан айыру мерзімін қысқарту және осыған қатысты өзгерістерді Құрылтайға енгізу жоспарланып отырғанын сұрады.

"Ішкі істер министрлігінің ұстанымын білесіздер. Біздің ойымызша, ештеңені қайта қараудың қажеті жоқ. Әріптестерден бізге келіп түскен барлық сұрақтарға жауап беріп, өз ұстанымымызды білдірдік. Егер жағдайымыз күрт жақсарса, онда бұл мәселені талқылауға болар еді", – деді Лепеха.

Ол өз сөзін статистикамен негіздеді. Оның мәліметінше, 2023 жылы көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 22 мың жүргізуші ұсталған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 24,7 мыңды, ал 2025 жылы 25,3 мыңды құраған.

"Яғни бұл жеткілікті қатаң шара екенін айтып отырмыз. Бірақ ол адамдарды тоқтатпайды – олар бәрібір мас күйінде көлік жүргізеді. Егер жазаны жеңілдетсек, бұл көрсеткіштер одан әрі өсуі мүмкін. Биыл, расында, бізде мұндай 17 100 жағдай тіркелді. Бірақ жыл соңына дейін әлі үш айға жуық уақыт, тіпті одан да көп уақыт бар. Сондықтан көрсеткіш қайтадан бұрынғы деңгейге жақындауы мүмкін. Қаза тапқандар саны да айтарлықтай көп", – деді Игорь Лепеха.

Ол өткен жылы мас жүргізушілердің қатысуымен 670 жол-көлік оқиғасы болғанын, салдарынан 56 адам қаза тапқанын атап өтті.

"Мен үнемі бір нәрсені айтамын: неге біз тек осы жүргізушілер туралы айтып отырмыз? Мас жүргізушілер қағып кеткен адамдардың қаза болған туыстарынан сұрайық. Олар рақымшылыққа, көлік жүргізу құқығынан айыру мерзімін қысқартуға немесе жазаны жеңілдетуге қалай қарайды? Сондықтан біздің ұстанымымыз өзгермейді. Біз көлік жүргізу құқығынан айыру мерзімін қысқарту мәселесін ешқашан көтермейміз", – деді спикер.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзатын жүргізушілерді жазалау тәсілін қайта қарауды және бұзушылықтар санына қарай айыппұл мөлшерін бірнеше есе арттыруды ұсынған болатын.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: