Тоқаев Үкіметке өнеркәсіптегі өзекті ЖИ-міндеттерді анықтау тәртібін әзірлеуді тапсырды
Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы өндірістік процестерді жасанды интеллектіні пайдалана отырып кешенді түрде трансформациялау қажет екенін айтты.
Оның пікірінше, қазіргі кезде көптеген кәсіпорында цифрландыру жұмыстары жүйесіз жүргізіліп жатыр. Жекелеген операциялар автоматтандырылғанымен, өндірістің жалпы моделі көп жағдайда өзгеріссіз қалып отыр.
Президент Үкіметке "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, негізгі бизнес-процестері жасанды интеллект арқылы кешенді түрде өзгертілетін кәсіпорындарды анықтауды тапсырды.
Жаңа технологиялар өндірісті басқару жүйесіне тікелей енгізілуі керек. Тиімділігі жоғары модельдерді кейін елдің басқа кәсіпорындарына да енгізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қолданбалы ғылымды дамыту қажеттігін атап өтті. Ол бұған дейін Кеңес отырысында жасанды интеллект саласына маманданған зерттеу университетін құру туралы шешім қабылданғанын еске салды.
Президенттің айтуынша, Qazaq AI Research University жоғары білікті мамандар даярлайтын орталықпен қатар, қолданбалы зерттеулер жүргізетін жетекші ғылыми алаңдардың біріне айналуы тиіс.
Университеттің ғылыми-зерттеу бағдарламалары экономиканың нақты қажеттіліктеріне бағытталуы керек. Өнеркәсіптегі жасанды интеллектке қатысты міндеттерді өндірісте тікелей жұмыс істейтін инженерлер, технологтар, шеберлер мен операторлар анықтауы қажет.
Олардың тәжірибесі өндірістегі шығындар, жабдықтардың тоқтап қалуы, технологиялық ақаулар мен ықтимал тәуекелдерді нақты анықтауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жасанды интеллектіні қандай өндірістік процестерде және қалай қолдануға болатынын айқындауға негіз болады.
Мемлекет басшысы бұл тізімді Qazaq AI Research University-мен қатар, басқа да жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары басшылыққа алуы керектігін айтты. Бұл ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтуге бағытталмақ.