Шымкентте 10 жастағы балалардың интим суреттерін сұраған күдікті ұсталды
Сурет: Шымкент қалалық ПД
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам интернет-мессенджерлер арқылы 10-12 жастағы балалармен танысып, өзін 14 жастағы жасөспірім ретінде таныстырған. Сеніміне кіргеннен кейін олармен интернетте қарым-қатынасын жалғастырған.
Анықталған эпизодтардың бірінде күдікті қыз баламен онлайн ойын арқылы танысып, одан телефон нөмірін сұраған. Кейін олар WhatsApp арқылы хат алмасқан.
Полиция анықтағандай, әңгімелесу барысында ер адам түрлі сылтаумен баладан интим сипаттағы фотосуреттер мен бейнежазбалар жіберуді сұраған.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Шымкент тұрғыны ұсталды. ІІМ мәліметінше, ол өз кінәсін мойындаған.
"Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, ер адамның осыған ұқсас басқа да фактілерге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
ІІМ ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың интернеттегі қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырды. Сондай-ақ олардың әлеуметтік желілердегі, онлайн ойындардағы және мессенджерлердегі қарым-қатынасын бақылап, кәмелетке толмағандарға цифрлық ортада қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін түсіндіру қажеттігін ескертті.