Соңғы жеті жылда 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды - президент
Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысының айтуынша, жас ұрпақ дамыған мемлекетте, қауіпсіз ортада және өркениетті қоғамда өмір сүруі керек.
Қазір Қазақстанда 4 миллионнан астам оқушы бар. Яғни елдегі әрбір бесінші азамат мектепте білім алып жатыр.
Президент өркениетті әрі озық елдің қуаты ең алдымен адам капиталының сапасымен өлшенетінін атап өтті. Оның пікірінше, мемлекеттің әлемдегі орны мен экономикалық әлеуеті қоғамдағы білім мен ғылымның деңгейіне тікелей байланысты.
"Өздеріңіз білесіздер, біз бұл бағытта нақты шаралар қабылдап, белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Мәселен, соңғы жеті жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды. Биыл тағы 101 мектеп салынып жатыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында білім беру мекемелерінің жаңа стандарты қалыптасты. Соның арқасында заманауи инфрақұрылымы бар, балалардың сапалы білім алып, дамуына жағдай жасалған мектептер бой көтеріп жатыр.
Бүгінде 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынған. Оның 84-і, яғни шамамен 40 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан.
Мемлекет басшысы ауыл мен қала мектептерінде балаларға бірдей сапалы білім берілуі керектігін атап өтті.
Сонымен қатар Қазақстанда жасанды интеллект жүйесіне негізделген арнайы сабақтарды орта мектептерге жаппай енгізу бағдарламасы іске асырылып жатыр.
"Бұл – өте маңызды жұмыс. Үкімет осы мәселеге баса мән беруге тиіс", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерде мектеп тапшылығы болмауы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – елдің болашағына тікелей әсер ететін маңызды фактор.