Интернет-алаяқтықпен күрес: дипфейкті қалай тануға болады
Сурет: Zakon.kz/Оксана Даирова
Форум ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Превенция және талдамалық әзірлемелер департаменті басшысының орынбасары Андрей Давыдовтың бейнесабағымен басталды. Ол алаяқтардың жасанды интеллект арқылы дипфейк жасап, адамдарды қалай алдайтынын айтып берді.
"Дипфейк – жасанды интеллект көмегімен жасалған жалған бейнежазба, аудиожазба немесе сурет. Алаяқтар адамның фотосуреттерін, бейнежазба үзінділерін немесе дауыстық хабарламаларын пайдаланып, оның дауысын айнытпай сала алады. Сондай-ақ видеодағы бет-бейнесін өзгертіп немесе оны шын мәнінде айтпаған сөздерін айтып тұрғандай етіп көрсете алады", – деді ол.
Давыдовтың айтуынша, қаскөйлердің мақсаты – адамды қорқытып, қатты қобалжыту және өздері көрсеткен шотқа ақша аударуға мәжбүрлеу.
"Сізге "досыңыз" қоңырау шалып немесе дауыстық хабарлама жіберіп, қарызға ақша сұрауы мүмкін. Оның дауысы да сізге таныс естіледі. Немесе кенеттен "анаңыз" хабарласып, абдыраған дауыспен қиын жағдайға тап болғанын, шұғыл ақша қажет екенін айтады. Ал мұның бәрі жасанды интеллект арқылы жасалған жалған дауыс болса ше?
Бүгінде жасанды интеллект арқылы жалған дауыс, фотосурет пен бейнежазба жасауға болады. Нейрожеліге адамның дауысын қолдан жасау үшін оның шынайы дауысының қысқа жазбасы жеткілікті. Алаяқтар мұндай жазбаларды әлеуметтік желілерден алып, солардың негізінде нейрожеліні үйретеді де, адамның дауысын қолдан жасайды. Қоңырауға жауап берген немесе хабарлама алған адам шынымен танысымен сөйлесіп отырмын деп сенеді", – деп түсіндірді спикер.
Сарапшы мысал ретінде компания басшысының атынан бухгалтерге қоңырау шалып, маңызды жобаға шұғыл ақша аударуды сұраған жағдайды келтірді. Телефондағы дауыс директордың дауысынан айнымайтындықтан, бухгалтер сеніп қалған. Соның салдарынан компания миллиондаған қаржысынан айырылған.
"Бұл сіздің басыңызға түспейді деп ойлайсыз ба? Әлеуметтік желілердегі бейнежазбаларыңыз бен аудиожазбаларыңыз жақындарыңызды алдау құралына айналуы мүмкін. Қылмыскерлер құрбандарын қалай табады? Олар әлеуметтік желідегі парақшаларымызды қарап, кіммен және қалай сөйлесетінімізді талдайды, жазу және сөйлеу мәнерімізді зерттейді. Ашық ақпаратты пайдаланып, адам сенетіндей оқиға ойлап табады", – деді спикер.
Ол мұндай айлаға алданбау жолдарын да түсіндірді. Сарапшы ең алдымен әлеуметтік желілердегі құпиялық баптауларын тексеріп, жеке өмірге қатысты артық ақпарат пен дербес деректерді жарияламауға кеңес береді.
"Егер бейтаныс нөмірден қоңырау шалған адам өзін досыңыз ретінде таныстырып, ақша сұрай бастаса, тұтқаны қойып, сол танысыңызға өзіңіз қайта қоңырау шалыңыз. Осылайша сізге шынымен танысыңыз хабарласқанын тексере аласыз", – деп атап өтті Андрей Давыдов.
CitizenSec компаниясының киберқауіпсіздік сарапшысы Гүлдана Жұматай да дипфейктердің таралуы мен олардың қаупі туралы айтты. Оның сөзінше, алаяқтар адамдардың сезімін пайдаланады.
"Олар адамға қысым жасау үшін үш нәрсені пайдаланады: асықтыру, сенімге кіру және жақыныңызға көмектесуге деген ниетіңіз", – деді ол.
Танымал журналист Динара Сәтжан форумда көтерілген тақырыптың өзекті екенін атап өтті. Оның айтуынша, алаяқтар адамдарды алдау үшін оның суреті мен бейнежазбаларын бірнеше рет пайдаланған.
"Дипфейктермен үнемі бетпе-бет келемін. Алаяқтар менің суретімді, біреумен әңгімелескен тікелей эфирлерімнің жазбаларын пайдаланып, оған әлдебір әйелдің фотосын қосады. Сырт көзге екеуміз инвестициялық стратегияны талқылап отырғандай көрінеміз. Адамдар сеніп, ақша салады. Ал алданғанын түсінгенде маған қоңырау шалып, жаза бастайды. Мен үнемі: "Өздеріңіз ешқашан көрмеген, бейтаныс адамдарға ақшаларыңызды неге бересіздер?" – деп сұраймын. Ең өкініштісі, мұндай қауіпке көбіне егде жастағы адамдар ұрынады. Балалары мен немерелеріне ата-аналарына, ата-әжелеріне осындай қауіптер туралы айтып, бейтаныс адамдардың ақша сұраған қоңыраулары мен хабарламаларына неге сенуге болмайтынын түсіндіруге кеңес беремін", – деді журналист.
Оның айтуынша, Қаржылық мониторинг агенттігінің алдын алу жұмыстарының арқасында жағдай біртіндеп өзгеріп келеді. Агенттік экономикалық қылмыстарды тергеумен қатар, халықтың қаржылық сауатын арттырумен де айналысады.
"Маған ҚМА-ның әлеуметтік желілерде жариялайтын, миллиондаған қаралым жинайтын танымдық бейнероликтері ұнайды. Олар азаматтарды алаяқтық схемаларынан хабардар етіп, дипфейктердің құрбаны болудан сақтандырады. Қаржылық сауаттылық сабақтары бекер өтпейді. "Сақтансаң, сақтайды" дегендей, қауіптен хабардар адам оған дайын болады. Дегенмен егде жастағы адамдар әлі де қауіп тобында. Оларға алаяқтар туралы айтып, олардың қалай әрекет ететінін түсіндіру және қауіптен сақтандыру – бәрімізге ортақ міндет", – деді Динара Сәтжан.
Оның пікірін Құрылтай депутаты Никита Шаталов та қолдады. Оның айтуынша, ҚМА-ның алдын алу жұмыстарының арқасында Қазақстанда интернет-алаяқтықтың шарықтау кезеңі біртіндеп артта қалып келеді. Азаматтардың хабардарлығы артып, мемлекеттік органдар қажетті тәжірибе жинақтап жатыр. Ал Парламент цифрлық ортадағы қылмыстарға тиімді қарсы тұруға бағытталған заңдар қабылдап келеді.
"Бір кездері алаяқтық туралы жаңалықтар қаптап кетті. Біз депутат ретінде алаяқтардан зардап шегіп, әділдік іздеген адамдарды қабылдап, ақшаларын қайтаруға көмектесуге тырыстық. Қазір мұндай жағдайлар азайды. Әрине, алаяқтық әлі де бар, бірақ оның шарықтау кезеңінен өттік деп ойлаймын. Мәселен, өткен жылғы деректерге сүйенсек, қаржылық алаяқтық фактілерінің саны айтарлықтай азайған", – деп атап өтті Шаталов.
Сонымен қатар депутат цифрландыруға, криптоактивтердің таралуына және тез ақша табуға ұмтылуға байланысты жаңа қауіптерге назар аударды. Оның айтуынша, жастарды ықтимал қауіптер туралы дер кезінде хабардар ету аса маңызды. Өйткені олар цифрлық ортада көп уақыт өткізеді және алаяқтардың құрбаны ғана емес, қылмыстық схемалардың қатысушысына да айналуы мүмкін.
"Жастардың алаяқтарға алданып қалуы – бір мәселе. Ал олардың қылмыстық схемаларға тартылып, дропперге айналуы – мүлде басқа мәселе. Сондықтан жас ұрпақты мұндай қауіптерден қорғау маңызды. ҚМА кең тараған алаяқтық схемалары мен олардан қорғану жолдарын түсіндіру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр", – деп түйіндеді Никита Шаталов.
Айта кетейік, "Цифрлық қауіпсіздік сабақтары" форумын Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі мен Zakon.kz желілік басылымы Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараның серіктесі – "CitizenSec" ЖШС.