Астанада LRT желісі ұзартылады: құрылыс қай кезеңде
Сурет: Instagram/jenis_qasymbek
Әкімнің мәліметінше, "Tarlan Astana" LRT жүйесі іске қосылғалы жолаушылар 11,5 миллионға жуық сапар жасаған.
"Бұл көлік түрі қала тұрғындары арасында сұранысқа ие болып, күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналып келеді. Сонымен қатар елорданың көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға бағытталған жобаның екінші кезеңін іске асыруды жалғастырып жатырмыз", – деп жазды Қасымбек Instagram парақшасында.
Ол құрылыс жұмыстарының қай бағыттарда жүргізіліп жатқанын және жобалардың қазіргі жай-күйін баяндады.
Қосшы қаласы бағытында
Тіректерді, эстакада құрылымдарын және станцияларды салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде 294 тірек орнатылған, бұл жоспарланған жұмыстың 97%-ын құрайды. Сондай-ақ 385 эстакада құрылымы монтаждалған, яғни жұмыстың 73%-ы орындалған.
2026 жылдың соңына дейін №401, 402 және 403 станциялардағы бетон құю жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл бағытта барлығы үш станция салынады.
Жағалау шағынауданы бағытында
"Жоба аясында сегіз станция салу көзделген. Геологиялық зерттеу жұмыстары аяқталды. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауға дайындық жүріп жатыр: қоршаулар орнатылып, инженерлік желілер көшіріліп, қайта тартылып жатыр", – деді әкім.
"Астана-1" теміржол вокзалы бағытында (оң жағалау)
"Бұл бағытта тоғыз станция, соның ішінде №201 ауысып міну станциясын салу жоспарланған. Геологиялық зерттеу жұмыстары аяқталды", – деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Сығанақ даңғылының Қабанбай батыр мен Тұран даңғылдары арасындағы бөлігінде №201 және №301 станцияларды байланыстыратын ауысып міну торабының құрылысы жалғасып жатыр.
Қазақ радиосы көшесі мен Қабанбай батыр даңғылы арасындағы учаскеде екі тірекке бетон құйылды. Сондай-ақ қадалар мен оларды біріктіретін ростверктерді орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өзге учаскелерде алдағы құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындық жүріп жатыр.
Жеңіл рельсті көлік желісін дамыту – елордада заманауи әрі қолайлы көлік жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Еске салайық, 2026 жылғы 16 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада LRT жүйесін іске қосты. Ашылғаннан кейінгі бір күннің өзінде оның қызметін 100 мың жолаушы пайдаланған. Жазда оған "Tarlan Astana" атауы берілді.