Маңғыстауда ірі қарыз дауы бітімгершілікпен аяқталды
Фото: pexels
Сот талқылауына 2021-2022 жылдары жасалған банктік қарыз шарттары бойынша міндеттемелердің орындалмауы себеп болған.
Талап қоюшы – "Н" акционерлік қоғамы жеке кәсіпкер С. мен "А" ЖШС-не қарсы талап арыз беріп, 124 920 918 теңге берешекті өтеуді және кепілге қойылған жылжымайтын мүлікке өндіріп алуды талап еткен.
Сот процесі барысында тараптар ортақ мәмілеге келіп, бітімгершілік келісім жасасты. Бекітілген келісімнің талаптарына сәйкес, жеке кәсіпкер банк алдындағы 124,9 млн теңге қарызын толық мойындап, оны 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін өтеуге міндеттенді.
Ал қосалқы қарыз алушы ретінде әрекет еткен "А" ЖШС 48,8 млн теңге көлеміндегі міндеттемелерін мойындады.
Сот органдары келісім талаптары орындалмаған жағдайда туындайтын салдарды да түсіндірді.
"Келісім орындалмаған жағдайда банк кепілге қойылған жылжымайтын мүлікке, соның ішінде мейрамханаға, тұрғын үйге және өндірістік базаға өндіріп алуды қолдану үшін атқару парағын беру туралы сотқа жүгінуге құқылы", – деп хабарлады Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз қызметі.
Ұсынылған құжаттың Қазақстан заңнамасына қайшы келмейтінін және үшінші тұлғалардың құқықтарын бұзбайтынын анықтаған сот 2026 жылғы 13 қазандағы ұйғарымымен бітімгершілік келісімді танып, іс бойынша іс жүргізуді тоқтатты.
Сонымен қатар сот талап қоюшыға бұрын төлеген мемлекеттік бажын қайтаруды көздеді.
Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Жамбыл облысында құны 1,4 млрд теңгеден асатын химиялық өнімдерді жеткізуге байланысты ірі бизнес дауы ұзаққа созылған сот талқылауы мен айыппұлдарсыз реттелген болатын.