Екі жылға жуық уақытқа созылған наразылықтар: Вучич сайлауда жеңілгенін мойындады
Сурет: magnific
Вучичтің айтуынша, студенттер қозғалысы парламентте 135-тен 140-қа дейін орын алуы мүмкін. Ал оның Сербия прогрессивті партиясына 105 депутаттық мандат бұйырмақ. Сайлаудың түпкілікті нәтижелері әзірге жарияланған жоқ.
Сағат 18:00-дегі мәлімет бойынша, сайлаушылардың 64,9%-ы дауыс берген. Бұл – кейінгі 30 жылдағы рекордтық көрсеткіш. DW басылымының жазуынша, Вучичтің мәлімдемесінен кейін оппозицияның мыңдаған жақтаушысы жеңісті тойлау үшін Белград көшелеріне шыққан.
"Студенттер тізімі" қозғалысы 2024 жылдың қарашасында Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалы шатырының құлауынан 16 адамның қаза табуына байланысты басталған жаппай наразылықтар кезінде қалыптасты. Наразылық акциясына қатысушылар билікті сыбайлас жемқорлық пен немқұрайлылыққа жол берді деп айыптады.
Қыркүйекте Вучич президент қызметінен мерзімінен бұрын отставкаға кеткен болатын. Ол өз партиясы сайлауда жеңіске жеткен жағдайда үкімет басшысы қызметіне келуді жоспарлаған.
Вучичтің екінші президенттік мерзімі 2027 жылдың мамырында аяқталуы тиіс еді. Алайда Сербия Конституциясы оған үшінші мерзімге президенттікке кандидатурасын ұсынуға тыйым салады.