Алматыда дәрігерге жазылу мәселесі шешіледі: министрлік талап қойды
Фото: Zakon.kz
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдарға электронды жазылуға қойылған шектеулерді жоюды, дәрігерлердің қабылдау кестесін өзекті күйде ұстауды және емханалар басшыларының медициналық қызметтердің қолжетімділігіне қатысты жауапкершілігін арттыруды тапсырды.
Бұл мәселе Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысында қаралды. Жиынға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.
"Кейбір медициналық ұйымдарда бейінді мамандардың қабылдауына өз бетінше жазылуға шектеулер қойылған. Сондай-ақ дәрігерлердің қабылдау кестесін қалыптастыруда кемшіліктер бар. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық ұйымдардың жұмыс тиімділігін арттырып, қабылдауға жазылу қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды", – деп хабарлады ведомство.
Денсаулық сақтау министрі медициналық ұйымдар басшыларының жұмысын, ең алдымен, пациенттерге медициналық көмектің нақты қолжетімділігіне қарай бағалау қажеттігін атап өтті.
"Тапсырмаларды формалды түрде орындауға жол берілмейді. Министрлік олардың жүзеге асырылуын бақылауды жалғастырады. Анықталған барлық заңбұзушылық бойынша комитеттерге тиісті бақылау шараларын жүргізіп, құзыреті шегінде шара қабылдау тапсырылды. Оң өзгеріс болмаған жағдайда қажетті басқарушылық шешімдер қабылданады", – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтарға кейбір жағдайларда дәрігерге емес, медбикеге қаралу жеткілікті екені түсіндірілген болатын.