Польшада мемлекеттік төңкеріс болды ма, әлде саяси дағдарыс па

Польшада мемлекеттік төңкеріс болды ма, әлде саяси дағдарыс па, сурет - Zakon.kz жаңалық 31.10.2026 12:51 Сурет: Zakon.kz/ЖИ
Польшада президент Кароль Навроцкий мен Дональд Туск үкіметі арасындағы текетірес ушыға түсті. Мемлекет басшысы Конституциялық трибуналды күшпен басып алу әрекеті болғанын мәлімдеп, парламенттегі партиялармен шұғыл кеңес өткізетінін хабарлады, деп жазады Zakon.kz.

31 қазандағы мәлімдемесінде Навроцкий билікті конституциялық тәртіпті бұзды деп айыптап, сот органының аумағынан күш құрылымдарын шығаруды талап етті.

"Бүгін түнде Польша Республикасындағы конституциялық тәртіп бұзылып, мемлекеттің конституциялық органын күшпен басып алу әрекеті болды. Мен Жоғарғы соттың бірінші төрағасы Збигнев Капиньскиймен кеңестім. Ол да Конституциялық трибуналда билікті басып алуға тырысқан адамдардың әрекетін заңсыз деп санайды", – деді президент.

Навроцкий бұл жағдай елдің ішкі қауіпсіздігіне қатер төндіретінін атап өтті. Осыған байланысты ол жағдайды тұрақтандыру және конституциялық тәртіпті қалпына келтіру мақсатында парламенттік саяси күштердің өкілдерімен шұғыл кеңес өткізетінін мәлімдеді.

Сондай-ақ президент Конституциялық трибунал төрағасының орынбасары Бартоломей Соханьскийге ғимаратқа кіруге мүмкіндік бергенін айтты. Навроцкий оны өз міндетін заңды түрде атқарып отырған тұлға деп санайды.

Қақтығыстың ушығуына судья Анна Корвин-Пиотровскаяның шешімі себеп болды. Ол 30 қазанда Конституциялық трибунал төрағасы Богдан Свенчковский мен оның орынбасары Бартоломей Соханьскийді уақытша қызметінен шеттеткенін жариялады. Сондай-ақ сот органындағы еңбек өтілі ең ұзақ судья ретінде оның басшылығын өз қолына алатынын мәлімдеді.

Свенчковский мен Соханьский бұл шешімді мойындамады. Ал соңғысы болып жатқан жағдайды мемлекеттік төңкеріс деп атады.

30 қазан кешке Конституциялық трибунал аумағына полиция кіріп, ғимарат маңына наразылық білдірушілер жиналды. Демонстранттар мен құқық қорғау органдары арасында қақтығыс болды. Ғимаратқа келген Свенчковскийді полицейлер ішке кіргізбеді.

Осы оқиғаларға байланысты Навроцкий Сенегалға жасаған сапарын шұғыл тоқтатып, Варшаваға оралды. Түнде президент Конституциялық трибунал ғимаратына келіп, ондағы судьялардың қарсылығына қарамастан ішке кірді. Мемлекет басшысының кеңсесі оның қол сұғылмау құқығы бұзылғанын мәлімдеді.

Ал премьер-министр Дональд Туск трибунал басшылығын өзгерту әрекетін қолдады. Оның айтуынша, бірнеше жыл бойы "Құқық және әділеттілік" партиясы билік еткен кезеңде заң үстемдігі бұзылғандықтан, оны қалпына келтіру – үкіметтің міндеті.

Конституциялық трибунал төңірегіндегі текетірес 2015 жылдан бері жалғасып келеді. 2023 жылы Туск билікке қайта оралғаннан кейін үкімет сот жүйесін реформалауға кірісті. Алайда бұл бастама президент пен оппозицияның қарсылығына тап болды.

Қазір Конституциялық трибуналға екі топ судья басшылық етуге құқылы екенін алға тартып отыр. Ал президент пен үкімет қақтығыстың қарама-қарсы тараптарын қолдайды.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: