Қазақстанда әйелге тиіскен шетелдік 15 тәулікке қамалып, елден шығарылды
Фото: polisia.kz
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің 2026 жылғы 2 қарашадағы мәліметінше, Қырғызстанның 34 жастағы азаматының әдепсіз әрекеті түсірілген видео әлеуметтік желілерде тараған.
"№4А бағытындағы автобуста шетелдік 41 жастағы әйелге тиісіп, бөксесінен сипаған. Сот оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады", – деп хабарлады полиция департаменті.
Алайда оның жауапкершілігі мұнымен шектелген жоқ. Көші-қон қызметінің қызметкерлері Петропавл қаласының №2 сотына шетелдікті Қазақстан аумағынан шығару туралы өтінішхат жолдаған.
Сот істің мән-жайын қарастырып, өтінішті қанағаттандырды. Енді оған алдағы бес жыл бойы Қазақстанға кіруге тыйым салынды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда мас күйде көлік жүргізген Қытай азаматы полицейлерден қашуға тырысқан болатын. Тағы бір шетелдік турист бейтаныс әйелге қол жүгірткені үшін 15 тәулікке қамалған еді. Ал Орал әуежайында тағы бір шетелдік Қазақстанды қорлап, дау тудырған болатын.