Дмитрий Пунин мен Марина Ильинаға іздеу жарияланды: ҚМА 106 млрд теңгелік іс бойынша мән-жайды анықтады
Сурет: ҚР ҚМА баспасөз қызметі
Сәрсенбі күні таратылған мәлімдемеге сәйкес, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі мына азаматтарды іздеуге жариялаған:
- Дмитрий Пунин, 1985 жылғы 8 ақпанда туған, Ресей азаматы. Бұлтартпау шарасы – қамауда ұстау;
- Марина Ильина, 1989 жылғы 11 ақпанда туған, Украина азаматы. Бұлтартпау шарасы – қамауда ұстау.
"Олар қазақстандық пайдаланушыларға бағытталған Pinco және Pin-Up интернет-казиноларының заңсыз қызметін ұйымдастырды деген күдікке ілінді", – деп хабарлады ҚР ҚМА баспасөз қызметі.
Тергеу мәліметінше, бұл схеманы жүзеге асыру үшін бақылауындағы компаниялар, төлем ұйымдары мен банк құралдарын қамтыған халықаралық инфрақұрылым құрылған.
"Бұл жүйенің Қазақстандағы буыны "PIN-UP.KZ" брендімен букмекерлік қызметке лицензия алған "Бонами" ЖШС болды. Бұл ретте заңды букмекерлік бизнес интернет-казино қызметін жасыру үшін пайдаланылған. Ақша ағындарын қамтамасыз ету үшін сатып алынған төлем ұйымдары, номиналды басшылар мен банк терминалдарының желісі қолданылған. Оларды іске қосу және жұмыс істеуін қаржы секторы өкілдерінің көмегімен қамтамасыз еткен. Нәтижесінде әртүрлі банктер мен қаржы ұйымдарында ашылған 24 төлем терминалынан тұратын желі құрылған. Оның 14-і ақша қабылдау үшін пайдаланылған", – делінген ҚМА баспасөз қызметінің хабарламасында.
Агенттік мәліметінше, қаржылық операциялардың көлемі 106 млрд теңгеден асқан.
"Егер іздеудегі адамдардың жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, Қаржылық мониторинг агенттігіне +7 172 70 84 78 телефоны арқылы хабарлауыңызды сұраймыз", – деп мәлімдеді ҚР ҚМА баспасөз қызметі.
Айта кетейік, 2026 жылғы 2 ақпанда Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген шетел азаматтарына халықаралық іздеу жариялаған болатын. Олар:
- Дружинскы Дмитры, 1970 жылғы 27 маусымда туған, АҚШ азаматы;
- Левкович (Гинзбург) Марина, 1985 жылғы 8 қарашада туған, Украина азаматы.
Тергеу мәліметінше, PIN-UP және PINCO брендтерімен жұмыс істеген онлайн-казинолардың қызметін шетелден әрекет еткен адамдар тобы үлестес компаниялар желісі арқылы ұйымдастырған.
Агенттік дерегіне сәйкес, Дружинскы мен Левкович үйлестіруші қызметін атқарып, сыбайластарды іріктеумен, төлем ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер өкілдерімен байланыс орнатумен, сондай-ақ ақша қабылдау мен шығаруды қамтамасыз ететін төлем инфрақұрылымын құруға және оның жұмысына қатысумен айналысқан.
Ал 10 тамызда ҚМА Өзбекстан азаматы Махмуд Хикматовты халықаралық іздеуге жариялағаны белгілі болды. Блогерді SultanGames, PINCO, Nomadcasino, Pin-Up, Vavada және басқа да заңсыз интернет-казиноларды жарнамалады деген күдікке ілінген.