"Бір видеода қаншама мейірім": алматылық медбикенің сәбиге деген қамқорлығы көпшілікті тәнті етті
Сурет: instagram/neo_umka
Алматылық неонатолог-реаниматолог Үмид Алимухамедов Instagram парақшасында жүрек тебірентерлік видео жариялады. Кадрларда медбикенің жаңа туған сәбиге ән айтып отырғанын көруге болады.
"Медбикеміз сәбиді жансақтау бөлімінен палатаға ауыстыруға дайындап жатып, оған ақырын ән айтып берді. Менің видеоға түсіріп жатқанымды ол тіпті байқамады. Нағыз қамқорлық деген осы. Өз жұмысыңа кәсіби тұрғыдан ғана емес, сүйіспеншілікпен де қарау", – делінген видео сипаттамасында.
Жазба авторы қазақстандықтардан балаларын осындай медицина қызметкерлеріне сеніп тапсырар ма еді деп те сұраған. Бір тәуліктің ішінде жарияланым 166 мың қаралым жинады.
Пікір қалдырған желі қолданушылары видео кейіпкерінің мейірімділігі мен қамқорлығына тәнті болған:
- Қандай мейірімді, қамқор әйел. Бойында қаншама махаббат пен жылулық бар!
- Бұл жұмысқа осындай адамдар жаралған ғой.
- Барлық баланың жанында осындай нәзік те мейірімді жандар көп болсын.
- Өз ісіне деген сүйіспеншілік осындай болады.
- Бұл тамаша әйел тек балаға ғана емес, айналасына да жылулық сыйлады.
- Әлем осындай адамдардың арқасында тұр.
- Қандай сүйкімді! Балалармен жұмыс істейтін жандардың бәрінің жүрегі мейірім мен махаббатқа толы болса екен.
- Неонатология саласында бізде керемет медицина қызметкерлері бар екеніне тағы бір көзім жетті.
Айта кетейік, неонаталдық хирургияның жансақтау бөлімінде туа біткен даму ақаулары мен хирургиялық патологиясы бар нәрестелерге операцияға дейінгі және кейінгі кезеңде қарқынды ем жүргізіледі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде өзенге түсіп кеткен күшікті құтқару сәті түсірілген видео да кеңінен таралған еді. Ер адам қызымен серуендеп жүріп, қауіп төнген жануарды көрген бойда көмекке ұмтылған болатын.